«Дала үні» – мәдени байланыс
Қаламызда «Дала үні» атты ән кеші өтеді. Моңғолиядан келген өнерпаздар ұлттық өнерін павлодарлық көрерменге ұсынады. Қонақтар арнамыздағы “Сәлем, әлем” хабарына қатысып, сұхбат берді.
Моңғолия мен Қазақстанды тарихи тамыр, ортақ көшпелі мәдениет пен дәстүр сабақтастығы жалғайды. Сондықтан бұл тек өнер кеші емес, екі елдің мәдени үндестігін көрсететін рухани жүздесу.
Таңсәуле Әгенқызы, ұйымдастырушы
Концерттің жалпы мақсаты Қазақстан мен Моңғолия арасындағы мәдени байланыс. Яғни, Моңғолиядан келген қандастардың аңсайтын үні даланың үні. Сол дала үнің Қазақстанға әкеліп, ерте көшкен қандастарымызға өзіміздің сағынышымызды тамаша әнмен жеткізу.
Кештің басты қонағы – Моңғолия мемлекетінің халық әртісі Санжаажав Батсүх. Оның репертуарында 500-ге жуық ән бар. Күй мен ән, дәстүрлі өнер мен ұлттық болмыс тоғысқан кеш тыңдарманға ерекше әсер сыйлайды дейді.
Санжаажав Батсүх, Моңғолия мемлекетінің халық әртісі
Шақырып, қонақ қылып жатқандарыңыз үшін телеарна ұжымына рақмет. Кешеден бері әдемі ықыластарыңызбен, көтеріңкі көңіл-күймен қауыштық. Менің орындауымдағы «Моңғол қызының бейнесі» деген әнді осы жақтағы бауырлар домбырамен орындап, әуежайдан ерекше шашу шашып қарсы алды. Кешке концерт болады, жеке ғана ән айтпай көрермендермен бірге шырқаймын деп ойлаймын. Әдемі кештің куәсі боласыздар деген ойымыз бар, баршаңызға көп рақмет.
Концертке сол жақта өмір сүріп жатқан қазақ әртістері де қатысады.
Қымбат Садық