Негізгі Жаңалықтар «Тең мүмкіндіктер» спорттық фестивалі мәресіне жетті

«Тең мүмкіндіктер» спорттық фестивалі мәресіне жетті

«Тең мүмкіндіктер» инсклюзивті спорт фестивалінің облыстық кезеңі аяқталды. Алдымен балалар жеңіл атлетикадан үздікті анықтаса, жарыстың екінші күні обочча ойнап, «Біз жеңімпаз боламыз» атты эстафетаға қатысты. 



Бочча – дәлдік пен тактикаға негізделген ойын. Мұнда ойыншылар өз доптарын ақ допқа барынша жақын орналастыруы қажет, сондықтан әрбір сантиметр маңызды. Десе де ұйымдастырушылардың сөзінде бұл фестивальде негізгі мақсат – спорттық нәтиже емес, барлық қатысушы арасында тең мүмкіндік қалыптастырып, жаңа достық қарым-қатынас орнату.

Бочча ойнап, бақтарын сынап көруге келген қатысушылардың бірі – Майқайың кентінен келген оқушылар. Өткен жылы мектепте бұл паралимпиадалық спорт түріне арналған секция ашылған. Ал қазір мұнда жиырма бір аса бала жаттығады. 

Эстафета жарысы да тартысты әрі қызықты өтті. Қатысушылар жүгіріп, кедергілерді еңсеріп, доппен тапсырмалар орындады. Осылайша, өздерінің жылдам әрі епті екендерін ғана емес, топтың ұйымшылдығын да көрсетті. Фестивальдің үздіктері республикалық кезеңге жолдама алды, олар Астанадағы жарыста облыс атынан өнер көрсетеді.


Жұлдыз Қабылденова



Бөлісу