Негізгі Жаңалықтар Реид барысында бірқатар бұзушылықтар анықталды 

Реид барысында бірқатар бұзушылықтар анықталды 

Жылыту маусымы қызған шақта, электр желілеріне түсетін салмақ та артады. Бұндай кезде қауіпсіздікке аса көңіл қойған жөн. Әсіресе тұрғынүй типіндегі жатақханалардағы қауіпсіздікке аса мұқият болу қажет. Себебі жылыту маусымында электр плиталары, жылытқыштар және басқа да құрылғылар беленді әрі бір уақытта жұмыс істейді. Осыған орай төтеншеліктер реид өткізіп, бірден бірнеше заңбұзушылықты анықтады. 



Павлодар облысында студенттік, ведомстволық және пәтер үлгісіндегі 80 жатақхана бар. Солардың бірі – Генерал Дюсенов көшесі, 1 мекенжайында орналасқан. Мұнда 200-ден астам адам тұрады. Рейд барысында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғанын анықтады. Мәселен, қабаттардағы эвакуациялық жолдар жабылған. Өрт крандарында да мәселе анықталды. Олар мүлдем жабық тұр. ПИК өкілдері крандар ашық қалдырса, тұрғындар оның ішін қоқыспен толтырып тастайтындығын айтады. Дәл осы себеппен эвакуациялық есіктер де жабылады. Электр жылытқыштар да өртке себеп. Тұрғындардың айтуынша, ескі жатақханаларда күн суығанда бөлмелер салқындап кетеді. Сондықтан жылытқышсыз отыру қиын. Алайда құтқарушылар электр жылыту құрылғыларын қараусыз қалдыру қауіпті екенін ескертеді. Жыл басынан бері Павлодар қаласындағы жатақханаларда 10 өрт оқиғасы тіркелген.

Жатақханалардағы рейдтер Отбасын қолдау орталығы, полиция және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп өткізіледі. Осылайша мамандар, алдын ала профилактикалық жұмыстар жүргізу қажет мекенжайлардың тізімін жасайды. Жылыту маусымы барысында бұл тізімге жаңа нысандар қосылуы мүмкін. Төтеншеліктер өрт белгісін ертке анықтайтын құрылғыларды да орнатуда. 

Рейд соңында құтқарушылар анықталған бұзушылықтарды көрсетіп, тиісті ұсыныстар берді. Кейін мамандар қайта келіп, кемшіліктердің жойылған-жойылмағанын тексереді.

Алайда заңнамадағы өзгерістерге байланысты ТЖД қызметкерлері нысан алдын ала тексеру жоспарына енгізілмейінше, жоспардан тыс тексеру жүргізе алмайды. Сондықтан құтқарушылар тұрғындарды рейдті күтпей, электр сымдары мен құрылғыларының жарамдылығын өздері бақылауға, сондай-ақ эвакуациялық жолдарды заттармен бөгемеуге шақырады.



Бөлісу