Оқушыларға арналған құқықтық сауаттылық сабағы өтті
Павлодар облысының білім беру ұйымдарында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған бірыңғай күн өтті. Іс-шара «Адал азамат» және «Заң мен тәртіп» бағдарламалары аясында ұйымдастырылды. Оған прокуратура, полиция және денсаулық сақтау саласының өкілдері қатысты. Мамандар оқушыларға заң талаптарын түсіндіріп, түрлі құқықбұзушылықтың салдары туралы айтты.
Бірыңғай күн аясындағы кездесулер облыс мектептерінде қатар ұйымдастырылды. Жалпы шараға 115 мыңнан астам оқушы қатысты. Солардың бірі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектептің оқушылары. Мұнда балаларға күнделікті өмірде кездесуі мүмкін түрлі жағдайлар түсіндірілді. Оқушылар өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауды және заң талаптарын сақтауды үйренеді.
Алма Айтуарова, Павлодар облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары
Шараның мақсаты балаларды құқықбұзушылықтан алдын алу. Шараға прокуратура өкілдері, полиция, тергеу, денсаулық сақтау өкілдері қатысты. Біз болашақта өте сауатты, адал азаматты тәрбиелеу мақсатамыз. Сондықтан осындай шараны өткізіп жатырмыз. Заң және тәртіп бағыты бойынша осындай шаралар ұйымдастырылып отыратын болады. Бұл үлкен жобаның басы.
Кездесу барысында интернеттегі қауіпсіздікке де ерекше назар аударылды. Оқушыларға интернет алаяқтығы, төбелес пен ұсақ бұзақылықтың алдын алу жолдары айтылды. Сонымен қатар қоғамдық орындардағы тәртіп талаптары түсіндірілді.
Дарья Гончаренко, А. Байтұрсынов атындағы ЖОББМ 11-сынып оқушысы
Мұндай шаралар өскелең ұрпақ үшін өте маңызды. Оқушылар өз құқықтарын біліп, заң аясында не істеуге болатынын және қандай әрекеттерге жол берілмейтінін түсінуі керек. Бұл олардың құқықтық сауатын арттырып, заң ұғымын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Қазір интернеттегі кибербуллинг те кең таралған. Осындай кездесулер балаларға мұндай әрекеттердің дұрыс еместігін түсінуге көмектеседі.
Бұл мектепте құқықтық тәрбиеге бағытталған «Жас сақшы» сыныбы да жұмыс істейді. Арнайы сыныпта оқушылардың бойындағы тәртіп, жауапкершілік және азаматтық ұстанымды қалыптастыруға мән беріледі.
Айзере Қалиева, А. Байтұрсынов атындағы ЖОББМ 7-сынып оқушысы
41 мектебінің «Жас сақшы» сыныбының оқушылары болғанымызды мақтан тұтамыз. Болашақта елімнің абыройын асқақтататын, Отаныма адал азаматшы болуға тырсамын. Біз заң мен тәртіпті қатаң сақтап, өз міндеттерімігзе жауапкершілікпен қарап, үлкенге құрмет-кішіге ізет көрсетіп, әрдайым адал азаматтар мен азаматшылар болуға сөз береміз.
Ерхан Ержан, А.Байтұрсынов атындағы ЖОББМ 7-сынып оқушысы
Бұл сыныпта батылдықты, тәртіптілікті, жауапкершілікті және Отанды сүюді үйренемін деп сенемін. Бұл сыныпта оқу мен үшін үлкен мәртебе. Болашақта халқына қызмет ететін азамат болғым келеді.
Іс-шара соңында оқушыларға арналған спорттық эстафета ұйымдастырылды. Командалар түрлі кезеңдерде өзара сынға түсіп, шапшаңдық пен ептіліктерін көрсетті. Бірыңғай күн аясындағы кездесулер оқушылардың құқықтық сауатын арттырып, заң мен тәртіпке деген жауапкершілігін күшейтуге бағытталды.
Сабина Жолдаспаева