Негізгі Жаңалықтар Екібастұзда заманауи диагностика орталығы ашылды

Екібастұзда заманауи диагностика орталығы ашылды

Екібастұз

Екібастұз қаласында медициналық инфрақұрылым жаңа нысанмен толықты. «Жеке медицина орталығы» серіктестігінің базасында №2 емханада сәулелік диагностика бөлімшесі жұмысын бастады. Мұнда тұрғындар компьютерлік томографиядан, флюорографиялық және ультрадыбыстық тексеруден өте алады.


Жаңа бөлімше мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асқан жоба негізінде ашылды. Орталықта заманауи компьютерлік томографы орнатылды. Құрылғы науқастардың ішкі ағзалары мен тіндерін зерттеуге мүмкіндік береді. Бұл дәрігерлерге ауру белгілерін анықтап, нақты диагноз қоюға қажетті мәлімет алуға көмектеседі.

Татьяна Бай-Юн-Куй, Екібастұз қаласы №2 емханасы бас дәрігерінің медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі орынбасары

Сонымен қатар бөлімшеде рентгендік диагностика және маммография аппараттары бар. Бұл тұрғындарға медициналық тексерулердің бірнеше түрінен бір орталықта өтуге мүмкіндік береді. Жаңа бөлімшенің ашылуы Екібастұз тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда қалада жұмыс істеп тұрған жалғыз компьютерлік томограф осы орталықта орнатылған. Енді тұрғындар компьютерлік томографиядан өту үшін Павлодарға немесе басқа қалаларға бармай-ақ, тексеруді тұрғылықты жерінде жасата алады.

Бөлімшеде бұдан бөлек флюорограф пен ультрадыбыстық диагностика аппараты да бар. Заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген орталық тұрғындарға қажетті тексерулерден өтуге қолайлы жағдай жасайды.

Татьяна Бай-Юн-Куй, Екібастұз қаласы №2 емханасы бас дәрігерінің медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі орынбасары

Бұл тексеруден өту кезегін қысқартып, диагностиканы жедел жүргізуге және ішкі ағзалардағы ауруларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба қаланың медициналық инфрақұрылымын жаңғыртып, денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға үлес қосады.

Жалпы, жаңа бөлімше тоғыз кабинетті қамтиды. Оның ашылуына байланысты 12 жаңа жұмыс орны құрылды.


Сабина Жолдаспаева


Бөлісу