Негізгі Жаңалықтар Паллиативтік көмек

Паллиативтік көмек

Науқасты емдеу мүмкін болмаған жағдайда, адамның жағдайын жеңілдетіп, жақындарына қолдау көрсету ерекше маңызға ие. Павлодар облысында мұндай көмекті хоспис мамандары көрсетеді. Мұнда ауыр дертке шалдыққан науқастар стационарлық жағдайда қабылданып, қажет болған жағдайда үйлеріне де барып қызмет көрсетіледі. Бұл жұмыс қалай ұйымдастырылғаны туралы тілшіміз баяндайды.



Паллиативтік көмек ауыр әрі жазылмайтын аурулардың салдарынан туындайтын ауырсыну мен басқа да белгілерді жеңілдетуге бағытталған. Мұндай көмекті онкологиялық, неврологиялық, жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан, ағзаларының созылмалы жеткіліксіздігі бар, қозғалысы шектеулі және төсек тартып жатқан науқастар алады. Павлодар хосписі бұл бағытта 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Елнұр Рахымжанов, Павлодар облыстық хосписі паллиативтік көмек бөлімшесінің меңгерушісі

Хоспис онкологиялық аурулар, жүйке жүйесі, жүрек-қан тамырлары аурулары және басқа да ауыр, жазылмайтын дерттерге шалдыққан науқастарға көмек көрсетеді. Хосписке жатқызылу үшін ең алдымен жазылмайтын, ауыр ауру диагнозы болуы қажет. Бізде екі бөлімше бар. Қазіргі бөлімше Ломов көшесі, 49/6 мекенжайында орналасқан. Мұнда онкологиялық науқастарға арналған 30 орындық жаңа бөлімше жұмыс істейді. Сонымен қатар Хромзавод өткелі, 4-үй, 7/1 ғимаратында онкологиялық емес науқастарға арналған екінші корпус бар. Онда 53 төсек-орындық стационар ашылған.

Палаталар арнайы функционалдық кереуеттермен жабдықталған. Науқастарды күтуге қажетті барлық жағдай жасалған. Қозғалысы шектеулі адамдарға постуралдық менеджмент әдісі қолданылады. Бұл – адамның денесін дұрыс әрі қауіпсіз қалыпта ұстау жүйесі. Оның көмегімен ойылу жаралары мен гипостатикалық пневмонияның даму қаупін азайтуға болады.

Елнұр Рахымжанов, Павлодар облыстық хосписі паллиативтік көмек бөлімшесінің меңгерушісі

Мұнда қажетті дүниенің барлығы сатып алынған. Заманауи технологиялардың барлығын меңгеріп, тәжірибемізге енгізіп жатырмыз. Біз ультрадыбыстық зерттеу аппараттарын, оның ішінде портативті УДЗ құрылғысын сатып алып жатырмыз. Себебі науқастарға мұндай тексеруден өту қажет.

Алайда көмек тек стационарда ғана көрсетілмейді. Хосписке өздігінен келе алмайтын науқастарға мобильді бригада барады. Оның құрамында дәрігер, медбике, әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман және психолог бар. Медицина қызметкерлері науқастардың үйіне барып, ауырсынуды басатын ем тағайындайды, таңғыштарын ауыстырады. Дегенмен науқастарға медициналық процедуралар ғана емес, моральдық қолдау да аса қажет.

Елена Сарачева, Павлодар облыстық хосписінің көшпелі қызмет дәрігері

Күніне 10-нан 13-ке дейін шақыртуға барамыз. Науқастарға тек медициналық қызмет көрсетіп қана қоймай, оларға қолдау көрсету де маңызды. «Бүгін жақсы көрініп тұрсыз», «Бүгін жақсы тамақтандық», «Қалай ұйықтадыңыз?» деп сұрап, жылы сөз айту керек. Біз осындай ұсақ-түйекке дейін мән береміз. Науқастың көңілін көтеруге, сондай-ақ туыстарына демеу болуға тырысамыз.

Көшпелі қызмет Павлодар қаласының тұрғындарына, сондай-ақ қалалық емханаларға тіркелген елді мекендердің тұрғындарына қызмет көрсетеді.Жыл басынан бері хоспис шамамен 870 науқасқа көмек көрсеткен. Мамандардың айтуынша, ауыр аурулар, соның ішінде онкологиялық дерттер де жыл өткен сайын жасарып барады. Биыл паллиативтік көмек алған ең жас науқастың жасы – 19-да.



Бөлісу