«Мәшһүр Жүсіп оқулары» Ғалым Қуандық Жүсіптің 85 жылдығына арналды
Өңірде «Мәшһүр Жүсіп оқулары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Ауқымды басқосуға ғалымдар, ұстаздар, сондай-ақ студенттер мен оқушылар қатысты. Олар тіл білімі, әдебиеттану, жалпы гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдарға қатысты өзекті тақырыптар туралы сөз қозғады. Толығырақ – келесі сюжетте.
Биыл ғалым, жазушы, филология ғылымдарының докторы, Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі әрі Жазушылар одағының мүшесі болған Қуандық Пазылұлы Жүсіптің дүниеге келгеніне – 85 жыл. Осыған орай, дәстүрлі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аталған мерейтойлық датаға орайластырылды.
Серік Елікбай, филология ғылымдарының кандидаты, профессор
Бұл кісінің шәкірт алдындағы адалдығы ерекше, ешкімге ұқсамайтұғын тұлғалық қасиеті еді. Бұл, демек, біздің қоғамда айтып жүрген «Адал азамат». Екінші, біз қазір «Кітап оқитын ұлты» деген дүниені қайта-қайта көтеріп жатырмыз.Бұл кісі сол тұста Семейде оқыған, алдынан шамамен 30000-50000 шәкірт өткен шығар деп шамалап ойлаймын. Сол кісінің шәкірттері жазғы демалысқа кетіп бара жатқан кезде, екі жүз кітаптың тізімін бұл кісі жазып беріп жіберетін. Демек, бүгінгі «Кітап оқитын ұлт» деген ұранның негізі қиядан, қиялдан, қиуадан жеткен ақыл-ойлар емес, бұған дейін қалыптасқан, сол менің ұстазым Қуандық Пазылұлы Мәшһүр Жүсіптердің жасаған дүниесі еді.
Конференция барысында Мәшһүр Жүсіптің мол мұрасына ерекше назар аударылды. Мәселен, профессор, ғалым Аймұхамет Тұрышев «түгел адам» концепциясына кеңінен тоқталып, оны қаламгердің шығармашылығынан нақты мысалдар келтіре отырып түсіндірді.
Айтмұхамет Тұрышев, филология ғылымдарының докторы, профессор
Түгел өлеңдерінің барлығы осы «Түгел адамға» келіп құйылады. Былай дейді: «Шықпаған, сараңдықтан, бүтiн-қолдан,. Қалмас ең болса бүтiн, мұнша жолдан. Дүниеде қылған қайыр ықсаныңыз, «Тар жер, тайғақ кешуде» пана болған». Оны «Жарты нана» хикаясында айтады. Немесе «Жиылса бiр араға тамам түтiн, Түтiннiң не болатын көрдiң бетiн. Қайыр, ықсан, сауапты, жарты қылмай, Қыла гөр күнi бұрын соны бүтiн.», - дейді.»
Жиынға еліміздің түрлі өңірінен қонақтар келіп, өз баяндамаларын оқыды. Сонымен қатар шетелден бейнебайланыс арқылы конференция жұмысына қатысқандар болды.
Осман Кабадайы, Kirşehir Ahi Evran университетінің профессоры (Түркия)
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы туралы Түркияда жүргізілген академиялық жұмыстар, әсіресе, соңғы жылдары әртүрлі ғылыми салалар мен зерттеу бағыттарының назарын аудара бастады. Автордың шығармашылығы, оның классикалық Түркия әдебиетімен байланысы, сопылық дүниетанымы, діни көзқарастары, шығармаларының мазмұны Түркияда жүргізілген зерттеулердің негізгі нысандарын құрайды.
Бұл конференция қазақ әдебиеті мен ғылымына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың мұрасын жаңғыртуға және өскелең ұрпаққа дәріптеуге зор мүмкіндік берді. Оның барысында айтылған құнды ойлар мен тұжырымдар бұл салада әлі де терең зерттеуді қажет ететін қатпарлы дүниелердің көп екенін көрсетті.
Жұлдыз Қабылденова