Негізгі Жаңалықтар Инклюзивті білімге – жаңа мүмкіндік

Инклюзивті білімге – жаңа мүмкіндік

Ертіс ауданы

Ертіс ауданындағы №1 мектепте ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Білім ордасында инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істейді. Мұнда балалардың жеке қабілеттерін дамытуға, оқу үдерісіне бейімделуіне және қатарластарымен еркін қарым-қатынас орнатуына жағдай жасалған.


Ертіс ауылындағы №1 мектепте 360 оқушы білім алады. Олардың 14-і ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар. Оқушылармен арнайы кабинетте жеке және топтық сабақтар өткізіледі. Бөлме қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Сонымен қатар мектеп ғимаратында қолжетімді орта қалыптастыруға басымдық берілген. Атап айтқанда, тактильді жолақтар төселіп, пандус пен бағыттаушы сызбалар орнатылған.

Жорабек Каламов, Ертіс ауданы №1 ЖОББ мектебінің басшысы

Кабинет әр балаға қажетті көмек жасауға, мұғалімдер мен ата-аналардың күн жігерін біріктіруге бағытталған. Біз үшін әрбір оқушы жеке қолдау алып, өз әлеуетін аша алу маңызды. Жалпы 45 ұстаз мектеп ұжымын құрайды. Оның ішінде жоғары білімді мұғалімдер, магистранттар бар. Мектеп ұжымы өте мықты.

Оқушылардың жеке ерекшеліктеріне қарай мектепте бірнеше маман жұмыс істейді. Олардың қатарында психолог, логопед және дефектолог бар. Мәселен, мектепте 13 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан логопед дәстүрлі әдістермен қатар заманауи технологияларды да қолданады. Соның бірі – интерактивті ақылды айна. Оның көмегімен балалардың сөйлеу дағдыларын жетілдіруге арналған сабақтар қызықты әрі нәтижелі өтеді.

Азамат Бұқабаев, Ертіс ауданы №1 ЖОББ мектебінің логопед мұғалімі

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін әр педагог үшін олардың бойындағы кішкентай өзгерістің өзі үлкен қуаныш. Өйткені кейбір балалар белгілі бір әрекеттерді өзгелер сияқты бірден орындай алмауы мүмкін. Дегенмен біз оларды бөліп-жармаймыз. Барлығына бірдей қараймыз, сабаққа да бірге қатыстырамыз. Баладағы аз да болса ілгерілеу біз үшін маңызды. Кейде бұл өзгерістер сырт көзге байқалмауы мүмкін. Алайда баланың қарым-қатынас жасау қабілетінің артуы, ортаға бейімделуі үлкен жетістік. Қажет болған жағдайда балалармен үй жағдайында да жұмыс жүргіземіз. Әр сабақтың тапсырмаларын баланың қызығушылығына қарай түрлендіріп отырамыз.

Инклюзияны қолдау кабинетінде дефектолог маман әр оқушымен жеке жұмыс жүргізеді. Кабинет төрт аймаққа бөлінген: спорттық, оқу, топтық және сенсорлық. Әрқайсысының өзіндік міндеті бар. Жеке тапсырмалар орындалып, қажет кезде эмоционалдық тынығуына да мүмкіндік беріледі.

Сергей Веретельников, Ертіс ауданы №1 ЖОББ мектебінің дефектолог мұғалімі

Мен бұл мектепте екінші жыл дефектолог болып жұмыс істеймін. Бастауыш сыныптан бастап тоғызыншы сыныпқа дейінгі оқушылармен айналысамын. Негізгі мақсатымыз балалардың жан-жақты дамуына ықпал ету және күнделікті өмірге қажетті дағдыларын қалыптастыру. Сабақ барысында зейін, есте сақтау, ойлау, түсіну қабілеттерін жетілдіруге көңіл бөлеміз. Сондай-ақ қимыл-қозғалыс үйлесімділігі мен кеңістікті бағдарлау дағдыларын дамытамыз. Әр оқушыға алдын ала жеке сабақ жоспары әзірленеді. Сабақ бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп, кейін өткен тақырыптар қайталанады. Бұдан бөлек, бейімделген дене жаттығулары да қамтылады. Жұмыс барысында кабинеттегі барлық аймақты пайдаланып, баланың мүмкіндігіне қарай түрлі тапсырмалар орындаймыз.

Мектептегі инклюзивті білім беру жұмысы тек арнайы сабақтармен шектелмейді. Мұнда әр баланың оқуына, дамуына және мектеп өміріне белсенді араласуына мүмкіндік жасалған. Педагогтер оқушылардың жеке ерекшеліктерін ескеріп, олардың қабілетін ашуға күш салады.


Сабина Жолдаспаева





Бөлісу