Гүлсара Мәлікова, тілші:

Бұл Айдабол ұрпақтары орнатқан мемориалдық кешен. Авторы Бота Машрапов. Символикалық тұрғыда батырдың бес қаруы тұр. Жалпы ұлт тарихындағы батырдың орнын «Олжабай есен болса ел аман» деген ұран сөзден білуге болады. Абылай хан оқ дарымаған батырға «қу жарғақ» деген де есім берген.

Қазақ тарихында «Олжабайлап»  жауға шапқанның жеңбейтіні болмаған. Он сан орта жүзге ұран болған баһадүр ұлы даланы сырт жаулардан қорғап, жоңғар мен қытайды талқандады. Ер Олжабайдың ата қонысы Баянауыл не Түркістанда емес Ерейментауда жерленуінің сыры мынау.

Алтынбек Құрманов, ҚР үздік өлкетанушысы:

Олжабай бабамыз жайлауға келгенде көктем уақыты екен өзен қатты жүрген, содан ауырып, дүниеден өтеді. Бірақ біздің елдің үлкендері Әзірет Сұлтанға жерлейміз дейді. Өзен өткел бермей, өзен тоқтаған кезде күн іле жылып кетсе керек сіріге тігіп осы жерге сөрелеп қойған батырдың денесін апаруға мүмкіндік болмайды. Содан бүкіл халық болып ағайын ел-жұрт болып батыр бабамыздың денесі осы жердің қойнынан тапсырылған.

Сол заманнан-ақ бұл аймақ «Олжабай сөресі» аталады. Басында сәулетті мазар бой көтереді. Алайда қызыл үкімет тұсында дінсіздер оны бұзып, тасынан қора салады.

Теміртас Ахметов, 1985-1994 жж. Олжабай ауылының  тұрғыны:

Малдың табанының астында жатқан қорым болып маңайы толған сүйек-саяқ, стройматериал. Тап іргесіне ор қазып скотомагила жасапты. Әбден менің намысыма тиді. Содан кейін 3 жыл соңында жүріп мынау темір қоршауды совхоздан алып сұрап алып, сварщик жалдап, адамдарды ұйымдастырып асар жасап, қоршаттық.

2005 жылы зират жанындағы ауылға халықтың сұрауымен Олжабай батырдың есімі берілді. Ал осыдан 4 жыл бұрын Айдабол ұрпақтары батыр бабаларының басына ескерткіш орнатса, биыл мемориалдық кешеннің құрылысын аяқтады. Ерекше композиция авторы белгілі сәулетші Бота Машрапов. 

Бәну Машрапова, Олжабай батыр мемориалдық кешенінің авторы Бота Машраповтың жары:

Бота күні-түні ұйықтамай стелланы ойлап, бес қаруды ерекше істеп  шығармашылық шабытпен, өзі де Айдабол болған соң ескерткіш ол да қалдырам деп.

Игі істің ұйымдастырушысы 2017 жылы құрылған «Олжабай батыр» қоры. Айдабол ұрпақтарын бір арнаға тоғыстырып,  кешен құрылысын іске асырған,  баба есімін насихаттауға толағай еңбек сіңіріп жүрген азамат қор президентінің орынбасары  Жұмабек Бек.

Айтмұхамбет Қожабеков, «Олжабай батыр қорының» президенті:

Кесене салуға қатысқан  ағайындарға, осы ауылдың тұрғындарына көптен көп рахмет. Ерекше айтатын жаңа айтып кетті ғой Жұмабектің күні-түні ойлап, уайымдап, әйтеуір атқарғанына қуанып жүрміз бәріміз, көп рахмет ағайын.

Біршама істің басын қайырған қор енді халықаралық ғылыми конференция өткізіп, облыс орталығында көше беру  жұмыстарын қолға алмақ.

Марат Нығметов, «Олжабай батыр қорының»  мүшесі:

Бұл Әлкей Хақанұлы Марғұлан бабамыздың арманы еткен. Арманын іске асыру ол кісінің өзіне бұйырмаса да ұрпақтары бізге бұйырды Келесі жылы Алла жазса Баянауылда Жасыбай мен Олжабай батырға арналған ескерткіш орнатылғалы жатыр. Соны орнатқаннан кейін сол жерде той өткіземіз деп жоспарлап отырмыз.

Кешеннің ашылу салтанатына Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі Айдабол ұрпақтары бас қосты. 

Серік Әлиев, Қарағанды қаласының тұрғыны, «Олжабай батыр қорының» мүшесі:

Өз басым арнайы Қарағанды қаласынан келіп отырмын. Бабамыздың тойы құтты болсын. Осы ескерткіш Айдабол ұрпақтарына үлкен өнеге болсын. Жақсылық болсын. Той көп болсын. Еліміз, жұртымыз, қазақ елі аман болсын.

Алдан Алтынбеков, Баянауыл ауданы, жаңатілек ауылының тұрғыны, «Олжабай батыр қорының» мүшесі:

Осындай үлкен жұмыс жасалынды. Оның бәрі парыз шаруа ұрпаққа. Себебі әуелі құдай сосын осы бабаларымыздың арқасында бүгінгі күні біз осындай тәуелсіздікке, осындай кеңшілікке, тоқшылыққа жетіп отырмыз деп ойлаймыз.

Қор басшысы Айтмұхамбет Қожабеков мемориалдың бой көтеруіне ат салысқан азаматтарға «Олжабай батыр» медалін табыстады. Облыстың бас имамы батыр аруағына құран бағыштады. Шара соңында ас берілді. 

 

Гүлсара Мәлікова