Қазақ президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 7-ші съезінде діндер съезі жаһандық деңгейдегі өркениетаралық диалог алаңына айналғанын айтты. Сондай-ақ, мемлекет басшысы  Біріккен Ұлттар Ұйымы бастаған халықаралық ұйымдардың басшыларына, саясаткерлер мен сарапшыларға Қазақстанның съез өткізу туралы бастамасына қолдау білдіргені үшін ризашылық білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
Бұл бейбітшілікті сақтауға және өркениетаралық диалогты нығайтуға бәріміздің мүдделі екенімізді көрсетеді. Өзгеріске толы әрі белгісіздік белең алған қазіргі заманда бүгінгі басқосудың айрықша мәні бар. Біріккен ұлттар ұйымының басқа да халықаралық ұйымдардың басшыларына, саясаткерлерге және сарапшыларға ризашылығымды білдіремін. Съез өткізу туралы бастамамызға сіздердің қолдау көрсеткендеріңіз еліміз үшін өте маңызды.
Сондай-ақ, президент Қазақстан аумағын барлық әлемдік діндердің киелі орындары көрініс тапқан картаға теңеді.  Себебі ғасырлар бойы қазақ жері Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келеді. Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық олардың бәріне ортақ сипат, - деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
Мысалы еліміздің Алматы облысында Қойлық деген ортағасырлық қаланың орны бар. Сол жерде қазба жұмыстары жүргізілді. 12-14 ғасырларда осы қалада ислам, христиан және буддизм дінінің ғибадатханалары іргелес тұрғаны анықталды. Шын мәнінде Қазақстан аумағы барлық әлемдік діндердің киелі орындары көрініс тапқан карта іспетті.