Павлодардың іргесіндегі шағын қала Ақсуда бюджеттің 11 млрд. теңге қаржысына салынған жылу қазандығы биыл іске қосылмайтын болды. Құрылысы 5 жыл бұрын басталған нысан 2019 жылы пайдалануға берілуі тиіс еді.  Созбалаңға салынғаны былай тұрсын, тұтас шаһармен қоса, жаңадан бой көтеретін шағын аудандарды да жылумен қамтиды деп жоспарлаған қазандықтың қуаты  қаланың тең  жартысына ғана жететін болып шықты. 
 
Ақсудағы алты қазандықты жылу орталығы осы. Сынақтан өткізу мақсатында әзірге бір ғана қазандық жұмыс істеп тұр. Жобаның шикілігінен қазандықты уақытылы іске қоса алмадық -дейді мамандар. Соның кесірінен тұтынушылар үшін жылу тарифі тым қымбатқа түсетін болған. Кейін жанып кеткен көмірдің күлін шығару мәселе тудырды. Зерттей келе ұсақ күл емес, жентектеліп қалған қоламтасы кедергі болып шықты. Сондықтан ұсақтауға арналған қосымша агрегаттарға тапсырыс берілді.
Дүйсенбай Дүйсенов, жылу қазандығының бас сарапшысы:
Алты агрегат деген мынау көмір жанғаннан кейін шығатын күлді, шлакты ұсақтау. Соның әр алты қазаншаға алты агрегаттың құны төленген. Ол 10 шы қарашада келеді. Соны орнына орнатқаннан кейін әрі қарай жалғастырып сынақ жұмыстарын сонда осы қазанша дайын болады.
Құрылысы бес жылға созылған қазандықтың жыры мұнымен бітпейтін сыңайлы. Ақсу үшін маңызды нысанды мамандар биыл да іске қоса алмайтын болды.  
Әбілқайыр Сқақов, Павлодар облысының әкімі:
Өкінішке орай, нысанға барған кезде қазандық жылыту маусымына дайын болмай қалады-ау деген күдік расталды. Біресе көмір салу, біресе күл шығару, одан да басқа проблемалары шыға берді. Қазандық салумен айналысқан мердігер стратегиялық нысанды белгіленген мерзімде тапсыра алмады. Енді шара қолдану керек.
Жылу - шағын шаһардың үлкен мәселесіне айналғалы біраз болды.  Ақсу  тұрғындарынан  жылуға қатысты  шағым былтыр өте көп болды.  
Әнуар Тершікбаев, Ақсу қаласының тұрғыны:
Қыста суық, өте суық. Білмеймін неше жыл болды, уәдені үйіп-төгеді, биыл жылы болады, биыл жылы болады деп. Сол күйінше істеген жоқ оны
Мейрам Жамалбаев, Ақсу қаласының тұрғыны:
Жылыту нашар болғаннан кейін үйде жылу болмайды жөнді. Көрші үйлер де, біздің үйлер де қыста салқын болады. Ал, жылу берген кезде өзінің қалыпты мөлшерінен аз беріледі.
Жаңа жылу орталығының қуаттылығы 180 гега калорий. Жоба бекітілген кезде жергілікті әкімшілік қазандықтың күші шағын шаһарды ғана емес, болашақта бой көтеретін шағын аудандарды да жылумен қамтуға  жетеді- деп мәлімдеген еді. Бірақ бұл да бекер болып шықты. Тәуелсіздік алғаннан бері өңірдегі қала мен аудандардың бірде-бірінде жаңа жылу орталығы салынбады. Ақсудағы алғашқысы. Оның өзі  елдің игілігіне қашан берілері белгісіз.