Павлодар ауданына қарасты Үміт апа ауылындағы медициналық пункт жылдар бойы жөндеу көрмеген. Биыл құрылыс жұмыстарына 18 млн-ға жуық қаражат бөлінді.
Үміт апа ауылындағы бұл медициналық нысанның қабырғалары қопсып, құрал-жабдығы әбден ескірген еді. Биыл ғимаратқа күрделі жөндеу жасалды.
Терезе, шатыры ауыстырылып, пеші орталықтандырылған жүйеге қосылды. Бекетке су, жылу да өткізілді.
Бақыт Жарықбасова, ауыл тұрғыны:
Жағдай жасалған. Көріп тұрмыз. Бәрі жақсы. Бұрын енді екі бөлмелі үй болды. Кішкене нашарлау болды. Қазір көрініп тұр, кәдімгідей амбулатория, жағдай жасалған. Пеші қандай болды. Салқындау болатын биыл енді көреміз.
Аталмыш медициналық пунктті жөндеуге бюджеттен 17,8 млн теңге бөлінді. Павлодар облысында осындай 12 нысан биыл қалыпқа келтірілді. Оған 369,6 млн теңге жұмсалды.
Шадияр Ергашов, Үміт апа ауылының медициналық пунктінің фельдшері:
Жөндеу жұмысы 1,5 айда аяқталды. Ғимарат санитарлық нормаларға сай келеді. Жұмыс істеуге қолайлы. Шатыры ауыстырылды, қоршау қойылды. Құрал жабдықтар жаңадан.
Мемлекет басшысының 1-қыркүйектегі Жолдауы аясында Ұлттық жоба жүзеге асатын болады. Еліміз бойынша 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады. Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл төрт миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырады.
Самал Қалиқызы