Жұмыспен қамтудың мемлекет ұсынған тәсілдері
Жұмыс беруші қызметкерді қабылдайды, ал оның жалақысына кететін шығынның бір бөлігін мемлекет өз мойнына алады. Қазақстанда субсидияланатын жұмыспен қамтудың 5 шарасы бар. Бұл бағдарламалар қалай жұмыс істейді және оларды кімдер пайдалана алады? Толығырақ тілшіміздің материалында.
Бүгінде жұмыс берушілер кадр тапшылығы мәселесін көп айтып жүр. Оған басты себеп лайықты жалақының бола бермеуі. Ал мүмкіндігі шектеулі жандарға лайықты жұмыс орнын табу одан да қиын. Мұндай жағдайда жұмыс берушілер мен іздеушілерге мемлекет бірқатар амалдар ұсынады.
Қарлығаш Асаимова, Павлодар қаласы мансап орталығының басшысы
«Қоғамдық жұмыстар», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Арнайы жұмыс орны», «Күміс жас» және «Жастар практикасы». Негізінен осындай бес шара бар. Нормалар мен ережелерге қатысты ай сайын қандай да бір өзгерістер енгізіліп отырады. Кейбір аудандарда жоспар орындалмай жатады, алайда жұмыс берушілер бұл туралы толық ақпараттандырылмаған. Олар біздегі квота қандай екенін, мысалы, белгілі бір шараға қатысты қандай өзгерістер енгізілгенін, келесі жылға қандай өзгерістер жоспарланып отырғанын толық біле бермейді.
Тиімді шаралардың бірі «Жастар практикасы» бағдарламасы. Оқуын енді аяқтаған маман «жұмыс тәжірибесі болуы керек» деген желеуге жиі кездеседі. Ал жас түлектің тәжірибесі жоқ. Бұл бағдарлама осы мәселені толық шешуге мүмкіндік береді.
Қарлығаш Асаимова, Павлодар қаласы мансап орталығының басшысы
«Жастар практикасы» түлектің жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Кейін ол сол жұмыс берушінің өзінде жұмысын жалғастырып, табысын да арттыра алады. Яғни, мемлекет тарапынан оған 30 АЕК төленеді, ал жұмыс берушінің жалақы төлеуге түсетін қаржылық жүктемесі азаяды. Кез - келген түлек тәжірибесі болмаса да, лайықты жалақы алғысы келетіні түсінікті. Сондықтан жұмыс берушіге де жеңілдік жасау және жас маманды ынталандыру тұрғысынан «Жастар практикасы» жобасы өте тиімді шара.
Тағы бір шара – «Арнайы жұмыс орны». Ол мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға көмектеседі. Мемлекет болашақ қызметкерге қажетті арнайы жабдықты сатып алуға және орнатуға кететін шығындарды өтейді.
Осы шараның арқасында бүгінде 3 арнайы жұмыс орны құрылды. Соның біріне көру қабілеті бойынша бірінші топтағы мүгедектігі бар Мадина Әбдіғазизова орналасты.
Қарлығаш Асаимова, Павлодар қаласы мансап орталығының басшысы
Жақында барлық жаңалықтарда Мадина Кенжеқызы жұмыс таба алмай жүр деген ақпарат тарады. Ол – көзі көрмейтін жан. Ал арнайы жабдықсыз әрі тиісті орын болмай, көзі көрмейтін адамды жұмысқа орналастыру өте қиын. Бірақ біз бұл жағдайдан «Экстрамед» клиникасының көмегімен шықтық. Олар қуана келісіп, техникалық ерекшеліктерін әзірлеп, қажетті орынды ұсынды. Мадина Кенжеқызы үшін сол жерде арнайы кабинет жабдықталады. Егер сізде білікті, өзіңіз бағалайтын қызметкерлер болса, бірақ олардың денсаулығына байланысты немесе қандай да бір қажетті жабдықпен қамтамасыз ету мүмкін болмаған жағдайда, бұл бағдарлама сізге үлкен көмек береді.
Бүгінде Павлодар облысында 5 мыңнан астам жұмыс іздеуші бар. Олардың саны жыл сайын артып келеді. Сондықтан мансап орталығының мамандары жұмыс берушілерге қолжетімді жұмыспен қамту шараларын белсендірек пайдалануды ұсынады.