Негізгі Жаңалықтар «Нұр-ана әлемі» қоғамдық бірлестігіне – 35 жыл

«Нұр-ана әлемі» қоғамдық бірлестігіне – 35 жыл

Биыл «НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына – 35 жыл. Осыған байланысты облыс орталығында үлкен мерекелік жиын ұйымдастырылды. Басқосуға аймақтың барлық қала-ауданынан бірлестік мүшелері қатысты. 


Мерейтой Достық үйінде кең көлемде атап өтілді. Бұған дейін мерекелік іс-шаралар Железин, Шарбақты аудандары мен Павлодар қаласында өткен. Бұл жолы барлығы қорытынды жиында бас қосты. Салтанатты шара әже туралы әсем әнмен басталып, кейін облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова бірлестік мүшелерін құттықтады.

Айгүл Мәлікова, Павлодар облысы әкімінің орынбасары

Қоғамымыздың рухани тұтастығына қызмет етіп келе жатқан үлкен еңбекті бағалау үшін бас қосып отырмыз. Қазақ халқы үшін «ана» – жай ғана ұғым емес, киелі, қасиетті ұғым. Бүгінгі өзі атауы да «Ана – өмірдің бастауы» депті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, жұртымыз ең киелі құндылықтарға «ана» сөзін қосып, «Отан-ана», «жер-ана», «ана тілі» деген көне заманнан бері айтылып келеді. 

1991 жылдың наурыз айында «Мұсылман әйелдер лигасы» болып бастау алған ұйым 2016 жылдан бері «НҰР-АНА ӘЛЕМІ» атауымен жұмыс істейді, қазір облыстық бірлестікпен қоса, екі қала мен он ауданда бөлімшелері бар, келіндер клубы мен жастар қанаты да белсенді. 

Бақытжамал Максилова, облыстық «Нұр-ана әлемі» ҚБ төрағасы

«Мұсылман әйелдер лигасын» бастаған Зара Қабдышқызы болатын. Зар Қабдышқызының шәкіртімін. Ұстазым өзі әкелген осында, содан бері «Нұр-ананы» әрі қарай жалғастырып жатқан ұстазымыздың жолын. «Дара жол» деген өзіміздің медаліміз бар. Енді биыл 35 жылдыққа медаль жасадық. Соныменен аналарды бір құттықтайық деп, үлкен аналарымыз осындай тойға келіп жатқанына қуаныштымыз!

Жас ұрпақ тәрбиесіне, отаншылдық сезім мен ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуге үлес қосып жүрген бірлестіктің белсенді мүшелері түрлі мараптқа ие болды. Оларға алғыс хаттар, мерейтойлық төсбелгі, гүл шоқтары мен «Ана – өмірдің бастауы» журналы табысталды.

Қатима Қарағожинова, Ақтоғай аудандық «Нұр-ана әлемі» ҚБ төрағасы

Мен осы Ақтоғай ауданында 12 жыл осы «НҰР-АНА ӘЛЕМІ» ҚБ төрайымы болып, басқарып келемін. Бізде он екі адам – он екі әжеміз бар. Сондықтан барлық жұмыстарды біз басқарып жүреміз. Бүгін өте қуаныштымыз. Бүгін марапттады бізді. Мына «НҰР-АНА ӘЛЕМІ» ҚБ отыз бес жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға, біздің әжелерімізге тек құт-береке, бақыт, шаттыққа отбасыларыңыз толы болсын.

Мерейтой иелерін құттықтауға этномәдени бірлестіктердің өкілдері арнайы келіп, ізгі тілектерін жеткізді. Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Светлана Айтбаева видеоқұттықтау жолдады. Жылы лебіз мен жағымды эмоцияларға толы кешті Достық үйінің өнерпаздары ән мен бимен әрлеп, мереке көркін қыздыра түсті.


Жұлдыз Қабылденова



Бөлісу