Жалаулы ауылында 3 көшеге асфальт төселді
Ақтоғай ауданында жолдарды жөндеу жұмысы елдімекендер арасындағы жолмен шектелмей, ауылдың ішкі көшелерін де қамтыды. Мәселен, Жалаулы ауылында бірнеше көшеге асфальт төселді. Жаңа жол тұрғындардың тұрмысын қалай жақсартты? Келесі бейнематериалдан көрейік.
Биыл Жалаулы ауылының тұрғындары көптен күткен оң өзгеріске қол жеткізді. Жолының тозығы жеткен үш көшеге асфальт төселіп жатыр. Тамыздың соңында басталған ауқымды жұмыс қазір 90 пайызға дайын.
Абай Шәмшиденов, Жалаулы ауылдық округінің әкімі
«Ауылымызда 70 аула бар, 320 адам тұрады. Ауыл тұрғындарының өтініштері бойынша жол жасалды. Барлығы үш шақырым үш жүз метр: Абай көшесі, Ыбырай Алтынсарин көшесі, Тәуелсіздік көшесі. Еліміз тәуелсіздік алған күннен бастап осы ауылда жол болған жоқ. Міне, биыл жол жасалып жатыр.»
Тұрғындар үшін бастысы – жүріп-тұруға қолайлы жағдайдың жасалғаны. Енді олардың ауыл ішінде қатынауы, әсіресе, балалардың мектепке барып-келуі айтарлықтай жеңілдеді. Осылайша, көптен бері түйткілге айналған мәселенің шешілгеніне ауыл халқы дән риза.
Серік Ахметов, Жалаулы ауылының тұрғыны
«Су тасқыны болды, білесіздер. Көше нашар болды, қазір оңды. Былай қарасаңыздар да, былай қарасаңыздар да, жақсы, оңды, рақмет бәріне! Ақтоғай ауданының әкімшілігіне, өзіміздің әкімшілікке – бәріне рақмет! Сапасы оңды енді, көреміз қалай болатынын. Енді су тасқынынан құдай сақтасын. Былай жақсы салынды, оңды, көшенің сәні келді.»
Айта кетерлігі, мердігер ұйым бұдан бөлек өз есебінен мектеп, медициналық пункт, өрт сөндіру бекеті мен әкімдік ғимараты алдындағы көлік қоятын аймақты асфальттады. Сонымен қатар, әзірге асфальт төселмеген өзге де бірнеше көшенің жолын грейдермен тегістеп, жол жағдайын ретке келтірді.
Жұлдыз Қабылденова