Негізгі Жаңалықтар Ақтоғай ауылдарында кіреберіс жолдар жөнделуде

Ақтоғай ауылдарында кіреберіс жолдар жөнделуде

Ақтоғай ауданындағы оң өзгерістер ауылдарға кіреберіс жолдарды да айналып өтпеді. Биыл қандай ауылдардың жолдары жаңарды? Алдағы жылдары бұл тізімге қай ауылдар ілігеді? Жұлдыз Қабылденова тарқатады.


Кіреберіс жолдары жөнделген ауылдардың бірнешеуі Мүткенов ауылдық округінің құрамына кіреді. Бұған дейін мұндағы жолда ой-шұңқырлар болған. Биыл бұл олқылықтың орны толып, кіреберіс жолдар асфальтталды.

Айбек Әбілшайықов, Мүткенов ауылдық округінің әкімі

Мүткенов ауылдық округінде Әбжан, Жаңабет, Жаңатап ауылдарында кіреберіс жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аталған жұмыстарды «DAVO» және «UNIVERSAL KLAS» ЖШС жүргізді. Бұл жолдарға 126 млн теңге бөлінді. Бүгінгі таңда бұл жолдардың игілігін тұрғындар мен қонақтар көруде. Бүгінгі күні Әбжан ауылында екі жүзге таман тұрғын бар, Жаңабет ауылында екі жүз қырық бес және Жаңатап ауылында екі жүз жиырма екі тұрғын бар.

Әбжандықтар үшін бұл – зор қуаныш. Бұрын ауа райы бұзылған кезде, жүріс қиындайтын болса, қазір тұрғындардың ауылға кіріп-шығуына қолайлы жағдай жасалып отыр.

Тілеген Әнесұлы, Әбжан ауылының тұрғыны

Жылда жолымыз нашар болатын. Осы көптен бейнет көріп жүргенбіз. Жеңіл машиналар кіріп-шығып жүреді, Ақтоғайға жұмысқа барады ауылдың адамдары, жастар жағы. Жылда қар еріген кезде, көктем кезінде бейнет көріп жүретінбіз. Енді, міне, биыл 2026 жылдың маусым айында біздің ауылға кіретін жолды жөндеп, жақсы асфальт төсеп берді. Қазір тамаша, жақсы, ризамыз. Аудан басшылығына, селолық округ әкіміне – бәріне ризамыз, рақметімізді айтамыз. 

Биыл аудан бойынша барлығы жеті ауылдың кіреберіс жолы жаңартылды. Аудандық экономиканың нақты секторы бөлімінің мәліметінше, ұзындығы алты шақырымнан асатын бұл жолдарды жөндеуге 357 миллион 251 мың 503 теңге 83 тиын қаржы бөлінген.

Самат Секенов, Ақтоғай ауданының экономиканың нақты секторы бөлімі басшысының М.А.

Ақтоғай ауданының Жаңатап, Жаңабет, Жоламан, Әбжан, Қараой, Қайран, Жамбыл ауылдары. Барлығы – 7 ауыл. Аталған 7 ауылдың кіреберіс жолдарын толығымен асфальттау жұмыстары орындалды. Жиектерін нығыздау жұмыстары жүргізілді, жол белгілерін орнатты, қабылдау актісі қазір қол қою үстінде.

Аудандағы өзге де елдімекендердің кіреберіс жолдары ескіріп, жөндеуді қажет етеді. Бұл мәселе назардан тыс қалған жоқ. Алдағы жылдары кезең-кезеңімен бұл ауылдардың да жолдарын ретке келтіру жоспарда бар.

Самат Секенов, Ақтоғай ауданының экономиканың нақты секторы бөлімі басшысының М.А.

Жоспарда 2027-2028 жылдарға Өтес ауылының кіреберісі – қиыршық тас, 2018 жылы жұмыс жүргізілген, қиыршық тас төселген, соны асфальтқа ауыстыру жоспарда бар. Әуелбек, Қараоба, Мүткенов ауылдарының кіреберіс жолдарындағы асфальт қабаттары тозған, жөндеу қажет етеді. Соны біз құжаттама әзірлеу жұмыстарын жүргізу үстіндеміз. Алдағы уақыттарда сосын бізде Жаңаауыл ауылының кіреберісі бар, Исантерек ауылы, Басқамыс ауылы, Ақжол ауылы бізде – шалғай ауылдар, Шолақсор ауылының кіреберіс жолын 2027-2028 жылдары жөндеу жұмыстары жоспарда бар.

Жаңабет пен Жаңатап ауылдарының әрқайсысында ұзындығы бір шақырым болатын Мектеп көшелеріне қиыршық тас төселіп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мердігер ұйым анықталып, тиісті келісімшарт жасалды. Ал жұмыстар қыргүйек-қазан айларына жоспарланған.


Жұлдыз Қабылденова


Бөлісу