Түркістаннан тайқазан келді
Тарихы терең Түркістан мен Баянауылдың байланысы ерекше сыйластыққа ұласты. Қасиетті Түркістаннан Тайқазанның үлгісі жеткізіліп, ел назарына ұсынылды. Тағылымды шараға арнамыздың түсірілім тобы куә болып қайтты.
Баянауылға жасалған бұл ізгі тарту – өңіраралық ынтымақтастықты нығайтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған игі бастама.
Серік Батырғожинов, Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары
Киелі Түркістаннан Баянауылға тайқазанның сыйға тартылу облысымыз үшін үлкен қуаныш. Түркістан мен Баянауылдың арасы шалғай жатқанымен, рухани тамыры бір, тарихи ортақ мекендер.
Шараға келген делегация құрамында Түркістанның зиялы қауым өкілдері мен ардагерлері бар. Салтанатты жиында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары сөз алып, шаһар басшысы Әзімбек Пазылбекұлының Баянауыл жұртына арналған ақжарма сәлемін жеткізді.
Мадияр Алипов, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары
Тарихи жәдігер макетінің Баянуыл өңірінен орын алуы қос өңірдің тарихи мәдени сабақтастығы мен өзара жарқын көрінісі. Тайқазан макетінің Баянауылға табысталуы Түркістанның тарихи мұрасын кеңінен дәріптеумен қатар, бауырлас өңірлер арасындағы мәдени сабақтастығы мен өзара айқын-айғағы.
Баянауылға сыйланған үлгі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сақталған қасиетті Тайқазанның түпнұсқасымен бірдей өлшемде жасалған. Оның биіктігі – 158,3 сантиметр, ернеуінің диаметрі – 243,4 сантиметр. Тайқазанның салмағы 2 тоннаны, ал сыйымдылығы 3 мың литрді құрайды.
Түркістаннан келген қадірлі қонақтар Баянауылдың бай тарихы мен көркем табиғатына тәнті болып, ерекше әсер алған. Сапар барысында өңірдің табиғатына тамсанған қонақтар жылы лебіздерін білдірді.
Ұлжалғас Мұстафаева, еңбек ардагері, Түркістан қаласының құрметті азаматы
Қанша ұлы тұлғаларды естіп-біліп, мұражайларын көзбен көріп таңғалудамын. Жасым 70-ден асса да мынадай табиғатты көрмедім деп айта аламын, әр жердің табиғаты әртүрлі ғой, мына Баянауыл керемет. Мен бақыттымын келгеніме, той-тойға ұлассын. Екі елдің арасында жорға жорғаласын.
Қос өңір арасындағы рухани байланысты нығайтқан бастамалар бұған дейін де жалғасын тапқан. Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясын қолдау мақсатында кәсіпкер, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Марат Рымтайұлының қолдауымен Баянауылдан Түркістанға 50 түп қарағай көшеті жеткізіліп, шаһардағы «Заң мен тәртіп» саябағына отырғызылған.
Марат Ізбастин, кәсіпкер
Қаланың әкімі Әзімбай бауырымыз «аға Түркістан еліне келіп жүресіз, көп көмек жасайсыз, демеуші болып жүрсіз елімізге» біз Баянауыл еліне тайқазан сыйлайық, рұқсат болады ма» дегенде мен қасиетті жерімізге әкеліңіздер деп жоба айттым. Міне бүгін ашылу салтанаты болып жатыр, Қуанып жатырмыз, жақсы сөздер мен тілектер айтылып жатыр, сол қабыл болсын.
Шараға қатысқан қауым осынау игі тарту екі елдің байланысын нығайтып, өскелең ұрпаққа тағылым берудегі маңызын атап өтті.
Қымбат Садық