Қабылдау кестелерінің болмауы, емханалардағы ұзын-сонар кезек, сапасыз медициналық қызмет. Облыс тұрғындары осындай өтініш-шағымдармен әлеуметтік желіге, бірінші басшыларға жүгініп жатады. Бірақ емханаларда қолдау орталығының барын бірі білсе, бірі білмейді. 

Павлодар облысының медициналық мекемелерінде 2015 жылдан бері қолдау орталықтары жұмыс жасайды. Ауруханаға келген пациенттер онда өтініштері мен арыз-шағымдарын қалдыра алады. Сапаны бақылау комитетінің  ақпаратынша, былтыр пациенттерден 180-ге жуық өтініш келген. Биыл 61 түскен, оның 26-ы расталды. Осы ретте басқарма қолдау орталықтарының мамандарын оқытып жатыр. 
Айдар Сейітқазинов, денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Бүгіннен бастап оқыту басталды. Яғни мекеме басшыларын, басшы орынбасарларын, аудит қызметін оқытып жатырмыз. Бүгін ауданнан, Ақсу, Екібастұздан келді. Екінші кезеңде Павлодар қаласының емханаларының қызметкерлері оқитын болады. Коммуникациялық дағдылар, пациенттермен байланыс құруды үйренеді.   
Аталмыш орталықтар тек пандемия кезінде жұмысын бәсеңдетті. Енді қарқынды қолға алынатын болады. Бұдан бөлек, көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын бақылап, жақсарту мақсатында фронт-кеңселер де әрқашан қолжетімді. Сондай-ақ, емханалардың бас дәрігерлері енді  бірінші қабатта отыратын болды. 
Айдар Сейітқазинов, денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Бұл негізі бұрыннан болды ғой. Жаңа емханалар, ауруханалар салынды. Сосын бас дәрігерлердің кабинеттері екінші, үшінші қабатқа көшіп кетті. Енді міне бірінші қабатқа ауыстырылып жатыр. Қолдау орталығы, бас дәрігердің кабинеті әлбетте бірінші қабатта  қолжетімді жерде болуы керек. Себебі сұрақтарды сол жерде орнында шешуге тырысу керек. Стационарларда міндетті емес шығар, ол жерде бірден қабылдауға, тіркеу бөліміне баруға болады. 
Орталыққа келіп түсетін шағымдардың басым бөлігі  қабылдау кестелеріне, емханадағы ұзын сонар кезек сынды сұрақтармен байланысты көрінеді. Басқарма басшысы, аталмыш мәселелерді сол жерде шешуге мән беру керек деп отыр.  
 
Самал Қалиқызы