Жылу жетіспеушілігі болмайды. Алаңдауға негіз жоқ. Энергетика министрі Екібастұз тұрғындарын осылай деп сендірді.  Өңірге жұмыс сапарымен келген Болат Ақшолақов энергетикалық нысандардың жылу беру маусымына дайындығын тексерді. 

Екібастұз ЖЭО министрге жылу беру маусымы 20 қыркүйекте басталғанын хабарлады. Алдымен әлеуметтік нысандарға, бұдан кейін көп қабатты тұрғын үйлерге жылу берілген.  "Павлодарэнерго" АҚ Бас директоры Вадим Селиннің айтуынша, жалпы жылыту маусымына станция еш қиындықсыз өтті. Бірақ 14 ші қазандықта жөндеу жұмыстарын аяқтауға уақыт қажет. Кәсіпорын басшылығы жұмыстың кешеуілдеуі қаржы тапшылығынан туындады дейді. 
Бүгінде қаржыландыру мәселесі шешілді. 14-ші қазандық агрегатындағы жұмыстар кем дегенде 15 қарашаға дейін созылмақ. Министр барлық кешіккен жұмыстарды есептеп, кестені жеделдетуді тапсырды.
ЖЭО-ы жабдықтардың 46%-ы тозған. Қаладағы жылу желілерінің жағдайы мүлдем мүшкіл. 88 пайызы әбден ескірген. Бұл мәселе министрліктің қатаң бақылауында. Оны Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірге шешу қажет дейді Болат Ақшолақов. Бұл үшін арнайы комиссия да құрылған. 
Болат Ақшолақов, ҚР энергетика министрі:
Жалпы, жұмыстардың барлығы жүріп жатыр. Үлкен әсер ететін қиыншылықтар белгіленген жоқ. Жөндеу жұмыстарын арттыру керек. Сәл сұрақтар бар әрине. Бұл жылыту маусымына әзірлік, әсіресе осы Павлодар облысындағы Екібастұз қаласы бойынша премьер-министрдің тапсырмасымен комиссия құру жөнінде бұйрық шығардық. 
Негізінен орталықтағы жылу желілері әбден тозған. Тарифті көтеру арқылы тығырықтан шығуға болатын көрінеді. 
Болат Ақшолақов, ҚР энергетика министрі:
Біздер шілде айында сәл қостық. Көмірдің қымбаттауымен тарифтерді қарастырдық. Жыл соңына дейін жоспарда жоқ. 
Ал, жылу электр станциясын жергілікті әкімдік меншігіне беру мәселесі тамыз айында көтерілген еді. Сала министрі қазір қыс тақап қалғанда бұл мәселені шегеріп, жылыту маусымына дайындалу керек екенін айтты. 
 
Аяулым Рахымжанова