Негізгі Жаңалықтар Жолдастық дебат

Жолдастық дебат

Павлодарда жастар арасында дебат өтті. Пікірсайыс тақырыбы «Заң мен тәртіп». Оған қатысқан оқушылар мен студенттер және ішкі істер министрлігі Оқу орталығының курсанттары «Адал азамат» жалпыұлттық тұжырымдамасындағы негізгі ойларды ортаға салды. Құқықтық мәдениет, жасөспірімдердің қауіпсіздігі және азаматтық жауапкершілікке қатысты мәселелерді талқылады. 


Бір үстелде – жастар лигасының өкілдері, екінші үстелде – ІІМ Оқу орталығының курсанттары. Барлығы 8 команда, әр команда құрамында 2 адам.

Альнура Альханова, Павлодар облысы білім беру басқармасының әдіскері

«Адал азамат» жалпыұлттық тұжырымдамасы, сондай-ақ «Заң және тәртіп» республикалық жобалары аясындағы жолдастық дебат бұл. Қатысушылар негізінен құқықтық мәдениет, қауіпсіздік мәселесін талқылайды. Мысалы, қарапайым ғана сағат түнгі 11-ден кейін жасөспірімдер көшеде неге жүруге болмайды деген сұрақ. Осындай мәселерді ортаға алып ой қозғайды. 

Пікірсайысқа қатысушылардың барлығы заңды сақтау қажет екендігімен келіседі. Алайда жекелеген даулы жағдайларға қатысты көзқарастары әртүрлі. Дәл осындай мәселелер қатысушылардың талқысына ұсынылды.

Пікірсайыс барысында тараптар мәселенің мәнін тез түсініп, өз ұстанымын нақты тұжырымдап, оны қорғайтын дәлелдер келтіруі керек. Сондықтан ІІМ Оқу орталығының курсанттары үшін мұндай пікірсайыс – болашақ қызметіне жақсы тәжірибе.

Іріктеу кезеңінен кейін финалға 2 команда жолдама алды. Енді олар Оқушылар сарайының басты сахнасында кездесіп, финалдық пікірсайыста өз ұстанымдарын қорғауы тиіс.



Бөлісу