Негізгі Жаңалықтар Студенттерді қабылдау кеші «Заң мен тәртіп» аясында өтті 

Студенттерді қабылдау кеші «Заң мен тәртіп» аясында өтті 

Жаңа оқу жылы – студенттік өмірге енді қадам басып жатқан жастар үшін ерекше кезең. Бұл – жаңа білім мен мүмкіндіктердің, сонымен қатар қызықты таныстықтар мен жарқын сәттердің уақыты. Осы орайда қаланың орталық жағалауында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында студенттерге арналған «Заң фест» атты кеш өтті. Толығырақ – алдағы сюжетте.


Облыстың басты сахнасы – «Ertis Promenade» төрінде колледж бен университет табалдырығын енді аттаған жастардың басы қосылды. Жастар бастамаларын дамыту орталығы ұйымдастырған шараның басты мақсаты — бірінші курс студенттерінің жаңа ортаға бейімделіп, өзара тіл табысуына қолдау көрсету және студенттер қауымдастығының басын біріктіру. 

Фестиваль арнайы патриоттық номер мен түрлі колледж, университет туларын салтанатты түрде ортаға шығарумен басталды. Ал арнайы шақырылған қонақтар жастарға ізгі тілегін білдірді. 

Жиында сөз алған Павлодар қаласы прокурорының орынбасары Дархан Аметаев жастарға әрқашан заңды құрметтеп, өз құқықтары мен міндеттеріне жауапкершілікпен қараудың маңызын түсіндірді. Кейін кештің ең маңызды сәттерінің бірі – студенттік ант қабылдау рәсімі өтті. 

Одан соң фестиваль концерттік бағдарламаға ұласты. Сахнада студенттер өнер көрсетті. Жеке орындаушылар мен ұжымдар ән мен биден шашу шашты.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жағалауға жиналған тұрғындар, әсіресе студенттердің көп жиналды. Кеш барлығының көңілінен шықты.

Концерттік бағдарлама соңы жастарға арналған би кешіне ұласты. Көңілді әрі ырғақты әндер фестиваль көркін қыздыра түсті.


Жұлдыз Қабылденова


Бөлісу