Ақтоғай астық оруда
Облыста қазір егін жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Ақтоғай ауданында ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы алаңы – 86,4 мың гектар. Бұл өткен жылғы көрсеткіштің 106,4 пайызын құрайды. Осы орайда әріптесім жергілікті шарушалықтардың біріне барып, жиын-терім науқынының барысымен танысып қайтты.
Биыл «G-Agro PV» ЖШС шамамен 5,5 мың гектар алқапқа егін еккен. Шаруашылық тамыз айында өнім жинау науқанын бастап кетті. Алғашында бидай, арпа және зығырды жинаса, қазір қарақұмық шауып, тұқымдық картоп қазуға кірісті.
Игорь Головашов, «G-Agro Pv» ЖШС бас директоры
Тәлімді жерде қатты қуаңшылық сезіліп, өнім аз болды – гектарына небәрі 4–5 центнер шықты. Ал тұқымдық картоптың әр гектарынан 25 тоннадай өнім алынып жатыр. Азықтық картопты гектарынан 35–40 тонна жинаймыз деп отырмыз. Жалпы, тәлімді жердің өнімі былтырғыдан төмен. Өйткені өткен жылы ауа райы әлдеқайда қолайлы болған. Ал суармалы жеріміз бұрын болмаған еді, бұл жүйе биыл ғана іске қосылды. Сондықтан, биыл суармалы алқаптың өнімі бірінші рет аламыз.
Мұнда 3 астық жинайтын комбайн, 2 картоп жинайтын техника жұмыс істеп жатыр. Өнімді 6 жүк көлігі тасымалдауда. Ал оларды қабылдап алу және өзге істерді атқаруға отыздан аса жұмысшы жұмылдырылған.
Игорь Головашов, «G-Agro Pv» ЖШС бас директоры
Жаңа технологияларымыз да бар, олардың бірі – суару жүйесі. Ертіс өзінен шамамен 9 шақырым, нақтырақ айтсақ, 8 шақырым 350 метр жерде орналасқанбыз. Сондықтан су екі сатылы екі сорғы арқылы беріледі: алдымен арнайы жинақтағышқа келіп түссе, содан кейін тікелей алқаптарға бағытталады. Мұнда суды үнемдейтін «Зимматик» фирмасының заманауи қондырғылары жұмыс істейді. Сонымен қатар, техникаларымыз толықтай цифрландырылған. Егу мен жинау жұмыстары түгелдей GPS жүйесі арқылы басқарылады. Бұл – әлемде кең тараған үрдіс. Озық жүйе шығынды азайтып қана қоймай, адамдардың жұмысын әлдеқайда жеңілдетіп, өнімділікті арттыруға мүмкіндік берді. Мәселен, бұрын бұл алқапқа 3-4 техника қажет болса, биыл картопты жинауды небәрі 2 техникамен тындыруды жоспарлап отырмыз.
Шаруалар озық техникалардың бірнешеуіне қол жеткізуде мемлекеттік қолдауды пайдаланған. Бұл өндірісті кеңейтіп, заманауи технологияларды қатарға қосуға септігін тигізді.
Игорь Головашов, «G-Agro Pv» ЖШС бас директоры
Биыл былтырғы еккен тұқымдарымызға мемлекеттік қолдау алдық. Сонымен қатар, былтыр «ҚазАгроФинанс» арқылы алған жаңбырлатып суару машиналарына қолдау алдық, «John Deere» техникасына шамамен 30 пайыз көлемінде көмек көрсетілді. Қазір осы заманауи техникалардың барлығы егіс алқабындағы жұмыстарға толықтай жұмылдырылып жатыр.
Ауа райы қолайлы болып, жұмыс жоспарға сай жүрсе, шаруалар картоп жинау науқанын қыргүйектің соңы-қазан айының басында аяқтауды көздеп отыр. Артынша жүгері мен күнбағысты орып алуға кіріседі. Бұл жұмыстар қараша айына дейін созылуы мүмкін.
Жұлдыз Қабылденова