Жер конкурсын өткізу барысындағы заң бұзушылық әдеп жөніндегі кеңесте қаралды
Успен ауданында жер конкурсын өткізу барысында заң бұзушылықтар анықталды. Соған сәйкес бірнеше мемлекеттік қызметшіге қатысты тәртіптік іс қаралды. Толығырақ алдағы сюжеттен көрейік.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе Успен ауданына қарасты ауылдардың біріндегі жер конкурсына қатысты болды. Аудан прокурорының мәлімдеуінше, оның барысында жеңімпаз атанған шаруа қожалығына 10 балл негізсіз қосылып берілген.
Әлихан Ибраев, Успен ауданы прокуратурасының прокуроры
Жер құқығын пайдалану жөнінде конкурсты пайдалану және өткізу қағидаларына сәйкес, тиісті ауданда, қалада, ауылды немесе кентте кемінде бес жыл тұратын адамдарға конкурстық ұсыныста қосымша он балл беру туралы басымдық көзделген. Осы орайда номері екінші лот бойынша «Мансұр» шаруа қожалығына қосымша он баллды заңсыз есептеуден көрінген бұзышылықтарға жол берілген. Аталған шаруашылық басшысы басқа ауылдық округте тұратыны анықталды. Жер заңнамасының талаптарын бұза отырып, аталған қатысушы ашық дауыс беру рәсіміне негізсіз жіберіліп, кейіннен конкурс жеңімпазы деп танылған.
Бұл мән-жайлар сотта да расталған. Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының үкімімен қаулы заңсыз деп танылып, күші жойылды. Павлодар облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды. Нәтижесінде, аумағы 160 гектар болатын жер учаскесі жаңа конкурстың өтуіне дейін бос тұр. Кеңес отырысында бұл іске жауапты үш мемлекеттік қызметшіге қатысты тәртіптік іс қаралды. Олар аталған әрекеттің тиісті ереже талаптарына сүйене отырып жасалғанын түсіндірді, дегенмен кінәні мойындады.
Жиында бұл тұлғалардың кінәні мойындап, қызметтік тергеп-тексеруге кедергі келтірмегендері назарға алынып, қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту ретіндегі тәртіптік жаза қолданылу ұсынылды.
Жұлдыз Қабылденова