Павлодардың арнайы экономикалық аймағында биыл мұнай-газ саласына арналған реагенттер мен қоспалардың толық циклін шығаратын кәсіпорын іске қосылды. Қызметкерлердің айтуынша, өнім итальяндық өндірістен кем емес.


Құрылысы өткен жылы басталған зауыт биыл іске қосылды. Бүгінде кәсіпорын тәулігіне 20 тонна мұнай-химия өнімдерін шығарады. Алғашқы тапсырысты Атырау зауыты берген.

Қасым Амангелдин, кәсіпорынның бас технологы:

Біз химия өндірісімен айналысып жатқанымызға біраз уақыт болды. Қазіргі күні Қазақстан бойынша мұнайды өндіру зауыттарымен келісімшартта отырмыз. Дәл қазір Атырау зауытына қысқы дизель өнімінің сапасын жоғарылату үшін химиялық реагенттер, присаткалар жасап отырмыз. Яғни біздің өнім қысқы дизельдің сапасын көтереді.

Өндіріске арналған реагенттер Қытай мен Еуропадан сатып алынады. Отандық компанияның дайын материалы сапа жағынан шетелдік аналогтарға тең келеді.

Ілияс Бейсембаев, кәсіпорын директоры:

Егер өзіміздің қолымыздан келсе, не үшін шет елден сатып алуымыз керек?! Әрине, қазақстандық зауыттар үшін үлкен көмек, ел ішінде отандық жеткізушілер бар.

Қызметкерлер заманауи және автоматтандырылған техникалармен жұмыс істейді. Оператордың компьютер арқылы барлық процесті басқару мүмкіндігі бар.

Қасым Амангелдин, кәсіпорынның бас технологы:

Бұл блок толықтай заманауи, автоматтандырылған. Яғни қызменткерлер орнында отырып, автоматты басқарады. Операторлар орнында отырып, байланыс арқылы хабарлап отырады. Шығарылатын өнім саны архивте сақталады. Кәсіпорында 14 қызметкер еңбек етеді. Алдағы уақытта тағы осынша адам жұмысқа алынбақ. Сондай-ақ келесі жылы өндіріс қуаттылығын арттыру үшін қосымша алаң салу жоспарланып отыр.


Аяулым Рахымжанова, Ермек Сапаров