Ортамызда жеке кәсібін дөңгелетіп, отбасының ұйытқысы болып отырған нәзік жандылар аз емес. Солардың бірі - тігінші Елена Руди. Ол бүгінде өзінің өнерін баласын да үйретіп үлгерген. Кәсіпкер ісінің өрге домалауына мемлекет те қол ұшын созып отыр.


Елена Руди тігіншілік өнерге бала кезінен бейім болыпты. Алғаш қуыршаққа киім иікккен кезінен бастап, ісмерлікке деген зейіні арта түскен. Жылдар өтсе де бұл әдетін жоғалтпай кәсіпке айналдырған.

Елена Руди, кәсіпкер, II топтағы мүгедек:

Қолыманан келетін іс бойынша өз кәсібімді ашсам деген ойға келдім. Бұл ой тіпті кездейсоқ келді. Тоқыма машинасымен жұмыс істегім келді. Сол кезде әйелдерге арналған «Жұлдыздарға қара» жобасы ашылған еді. Сол жобадан тоқыма машинасын ұтып алдым.

Осылайша бір орында жалға алып, алғашқы тапсырыстарды қабылдай бастады. Алайда, кез-келген кәсіп дамуды қажет етеді. Осылайша бизнес жоба жасалды. Артынша мемлекеттің бизнес жобаларға арналған грантына да қол жеткізді.

Елена Руди, кәсіпкер, II топтағы мүгедек:

Соңғы грантты мен бизнес жоспар жасаған соң иелік еттім. Оның әлеуметтік мәні бар. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған.

Бүгінде Еленаға ұлы Константин көмектесуде. Осылайша отбасының екі мүшесі өз кәсіптерін тыңғылықты жүргізуде.

Елена Руди, кәсіпкер, II топтағы мүгедек:

Ұлымның да денсаулығы жақсы емес. Кәсібімді ашқалы бері қасымда жүріп, көмектесуде. Кесте салатын машианы өзі жасап алды.

Кәсіпкер матаның күрделі түрлерімен жұмыс жасайтын бірнеше тігіншілерді жұмысқа алып, жаңа құрал-жабдықтар алу арқылы штатты кеңейтуді жоспарлап отыр. Шынайы ниет пен еңбекке деген құштарлық болса бәрін жасауға болатындығын айтады.


Жанасыл Серікбол