Павлодарда өрттен зардап шеккен әйелдің балалары анасын бірге тұрған ер адам өртегенін айтты. Енді полиция оқиғаны адам өлтіруге оқталу ретінде тергеп жатыр.


36 жастағы ер адам мен 27 жастағы әйел бірінші қалалық ауруханада жатыр. Олар үшінші дәрежелі күйік алған. Бүгін әйелдің жағдайы жақсарып, жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылған.

Марат Қанжығалин, №1 қалалық аурухананың күйік бөлімшесінің меңгерушісі:

Қазір науқастың жағдайы қалыпты. Ем қабылдап жатыр. Ал, екіші науқас реанимация бөлімшесінде жатыр. Жағдайы ауыр. 1986 жылғы ер адамның мойны мен денесін, тыныс алу жолдарын екінші-үшінші дәрежелі күйік шалған. Денесінің 63 пайызы зақымдалған. 1995 жылғы әйелдің беті мен денесін бірінші-екінші дәрежелі термиялық күйік шалған.

Ломов 150 мекенжайындағы 4 қабатты үйдің үшінші қабатындағы пәтерлердің бірінде 22 қараша қараған түні өрт шықты. Оқиға орнынан бес адам, оның ішінде екі бала құтқарылды.

Құтқарылғандардың арасында зардап шеккен әйелдің мектеп жасындағы екі ұлы болды. Балалардың айтуынша, пәтердегі өртті анасымен бірге тұратын адам ұйымдастырған. Қазір полиция департаменті оқиғаны адам өлтіруге оқталу ретінде тергеп жатыр.


Аяулым Рахымжанова