Келесі жылы дәрігерлердің жалақысы 531 мың теңге болады. Бұл туралы Сенаттағы Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі айтты. Жалпы салада оң үрдіс байқалады. Енді дәрігерлерді әлеуметтік қолдау тетіктері пайда болады. Бала мен ана өлімі де азайып келеді.


Елімізде 4 мыңға жуық дәрігер жетіспейді. Дегенмен, кадр мәселесі ерекше назарда. Алдағы жылға 11 мыңнан астам маман дайындалып жатыр. Сенаттағы Үкімет сағатында министр осылай деді. Дәрігерлерді әлеуметтік қолдау тетіктері пайда болады. Әсіресе, ауылға баратын ақ халатты абзал жандарды ынталандыруға басымдық беріледі. Ал жалақыны өсіру кезең-кезеңімен жүзеге асады.

Ажар Ғиният, ҚР денсаулық сақтау министрі:

Келесі жылы дәрігерлердің орташа жалақысы 531 мың теңгеге дейін, орта медицина персоналына 250 мең теңгеге дейін көтеру жоспарлануда. Сонымен бірге медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігі мен мәртебесін сақтандыруды енгізуді заң жобасын әзірлеп, Парламент Мәжілісіне енгізілді.


Медициналық қызметпен қамту деңгейін күшейту қажет

Ана мен бала денсаулығы - ұлт болашағы. Сенаторлар бүгін мұны көп айтты. Бір ғана мысал, әйелдерді медициналық қызмет түрлерімен қамту деңгейін күшейту қажет. Қуантарлығы, биыл ана өлімі өткен жылмен салыстырғанда 3,5 есе азайған. Бала өлімі 200 нәрестеге аз. Жетістікті еселеу маңызды. Бірақ, сақтандыру жүйесіне енбеген босана алатын әйелдер жүктілікке дайындықпен және емдеу қызметтерімен тиісті деңгейде қамтылмай отыр.

Ақмарал Әлназарова, ҚР парламенті сенатының депутаты:

Жүктіліктің 10-шы аптасынан кейін ғана әйелдер мемлекеттің жеңілдік алатын санатындағы азаматтарының қатарына қосылып, сақтандырылған мәртебеге ие болады. Алайда, осы аралықта болашақ ананы бақылауға алу мен емдеуі үшін маңызды уақыт жоғалады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде репродуктивті жастағы әйелдерге көрсетілетін медициналық қызмет көлемдерін қайта қарау қажет екені сөзсіз.


Бағдарлама арқасында 2 431 сәби дүниеге келді

Нәресте өліміне туа біткен әртүрлі ақаулар себеп болып тұр. Биыл балалар мен жүкті әйелдер үшін ультрадыбыстық скрининг жүргізілді. Алматы мен Шығыс Қазақстанда дамуында кемістігі және олардың туындау қаупі бар 3 жасқа дейінгі балаларға арналған орталық ашылды. Келесі жылы 10 мыңнан астам баланы қамтитын 13 мекеме ашу жоспарланған. Министр балаларды оңалту үшін бөлінетін қаржы 27 пайызға өсті деді.

Ажар Ғиният, ҚР денсаулық сақтау министрі:

«Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын білесіздер. Елімізде былтыр 7 мың квота таратылған болатын. Содан 3 мыңнан астам әйел жүкті болып, көптен күткен 2 431 бала дүниеге келіп, көптеген отбасы бала сүю бақытына ие болды.


Шектеу енгізу жоспарланып отырған жоқ

Жиында коронавирус тақырыбы да шет қалған жоқ. Қазір елімізде 11 млн-ға жуық адам екпе салдырған. Ревакцинация алғандар қатары да артып келеді. Демек, елімізде ұжымдық имминутит қалыптасты. Сондықтан қандай да бір карантидік шектеулер енгізу жоспарланып отырған жоқ деді министр.