Бала тәрбиесінде смартфонның ықпалы күшті болып тұр. Мамандар ғылыми зерттеулерге сүйене отырып осындай мәлімдеме жасап отыр. Арнайы сауалнама нәтижесінде 12 мен 17 жас аралығындағы жасөспірімдердің 80 пайызға жуығы күнделікті әлеуметтік желі беттеріне шолу жасап, басым бөлігі онлайн ойын түрлерімен әуестенетіні белгілі болған.

Жеткіншектердің қоршаған ортаға емес, виртуалды әлемге құштарлығы ата-аналарды алаңдатып отыр. Қыз балалардың әлеуметтік желіге тәуелділігі артса, ер балалар онлайн ойынға әуес екен. Бүгінде балалардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыру өзекті мәселеге айналған.

Вячеслав Выдрин, Павлодар қаласының тұрғыны:

Баланы күндіз-түні бақылауда ұстау мүмкін емес қой.Оған өзім де қарсымын. Мен ұйықтап жатсам, 16 жастағы кіші ұлым түнгі сағат 3-ке дейін смартфонмен отырады. Таңертең мектепке барады, түсінесіз бе? Сондықтан мен телефонға тәуелділікке мүлдем қарсымын.

Лидия Жукова, Павлодар қаласының тұрғыны:

Менің ойымша, гаджеттерді қолданудың белгілі бір уақыты болуы керек. Өйткені ғаламтор түпсіз терең әлем. Бақылау болуы керек.

Мамандар мобильдік телефонды шектен тыс пайдалану - ми жұмысына кері әсер етіп, семіздік, диабет, депрессия, ұйқының бұзылуы сияқты ауру түрлеріне әкелетін басты фактор екенін айтады.

Қайсар Аипов, психолог:

Телефонда сағаттап отыру салдарынан баланың тілі кеш шығуы мүмкін. Сипап - сезу қызметіне кері әсер ететіндігі анық. Қатарлас балалармен араласып, ойын ойнамау да - баланың томаға тұйық болып, қоғамнан жырақтауының алғы шарты.

Сонымен қатар, жыпылықтап тұратын ашық түсті, ұсақ картиналардың көптігі көздің көру қабілетін төмендететді. Бас ауруы, омыртқа жотасының майысуы да осы смартфонның әсерінен.

Құралай Рахымжанова, Евгения Мягченко