5 маусым - Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау және экологтар күні. Осыған орай Павлодарда республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өзен жағасын тазарту шарасы ұйымдастырылды. Акцияға еріктілер мен белсенді жастардан құралған 60 адам қатысты.
Еріктілер Усолка көпірі маңындағы Ертіс өзенінің жағалауында тазалық жұмыстарын жүргізді. Олар демалушылар қалдырған тұрмыстық қалдықтар мен пластик бөтелкелерді жинап, жағалау аумағын ретке келтірді.
Жанар Абдрахманова, ерікті
Бұл шараның мақсаты қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлесімізді қосып, тұрғындарын экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ат салысу. 01:34
Гүлнәр Нұрмұхамбетова, «Jasyl el» облыстық штабының командирі
Бұл акция өзен экожүйесін сақтауға және жағалау аумақтарының тазалығын қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінгі шараға еріктілер мен «Жасыл ел» жасақтарының мүшелері белсенді қатысты. Осындай бастамалар қоршаған ортаның жағдайын жақсартып, жастардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырады.
Тазалық акциясы жастарды қоғамдық жұмыстарға тартуға және табиғатты қорғау ісіне белсенді қатысуға ынталандыруға бағытталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар экологиялық мәселелерге қоғам назарын аударуға мүмкіндік береді.
Тамирис Бесеенова, Павлодар облысы бойынша еріктілердің өңірлік фронт-офисі басшысының М.А
Бүгін трансшекаралық өзендердің жағалау аумақтарын тазарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл шара 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай ұйымдастырылды. Акция республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы мен Халықаралық еріктілер жылы аясында өтуде.
Экологиялық акция алдағы уақытта да жалғасады. Еріктілер Ертіс өзенінің жағалауын тұрақты түрде тазарту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.
Сабина Жолдаспаева