Мектеп оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша Павлодар облысы Республика бойынша 1-ші орынға шықты. 2026 жылдың жаз мезгілінде Павлодар облысында 110 277 оқушыны жазғы демалыс, сауықтыру және еңбекпен қамту шараларымен қамту жоспарланып отыр.

 Бұл — 1–10 сынып оқушыларының 99,1 пайызын құрайды.Өңірде жазғы демалыс алаңдарының саны артады. Биыл 356 мектеп жанындағы лагерь мен 576 бейіндік алаң жұмыс істейді. Шапық Шөкин атындағы гимназияда екі кезең аралығында 600 оқушы лагерде болады. Бұл жеке білім ошақтары арасында облыс бойынша ең жоғарғы көрсеткіш.

Әлеуметтік осал санаттағы балаларға арналған жазғы бағдарламалармен 35 389 баланы қамту жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. «Жолдама сыйла» акциясы аясында 3 964 бала тегін жолдама алады. Ал, былтырғы жылы небары 700 ден аса жолдама берілген болатын. Сонымен қатар Екібастұз өңірінің кәсіпорындары әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың балаларына қосымша екі мыңнан астам жолдама бөлді.

Жұлдыз Қабылденова