«Ертіс променад» сахнасында жастардың шығармашылығы мен тапқырлығын тоғыстырған шара өтті. «Заң мен тәртіп» атты Жайдарман ойыны көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Шара жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын құрметтеуге баулу және қоғамда тәртіп пен жауапкершілік қағидаттарын дәріптеуді мақсат етті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, құқықтық тәрбиені жастарға түсінікті әрі қызықты форматта жеткізу маңызды. Осы ретте жайдарман ойындары тиімді алаңға айналып отыр.

Динара Кабышева, Павлодар қаласы прокуратурасының аға прокуроры

Заң және тәртіп идеологиясын ілгерлету мақсатында жастарға, қала тұрғындарына ойын, әзіл арқылы қазіргі өзекті мәселелерді жастарымыздың әзіл ретінде жеткізуімен осындай іс-шара ұйымдастырып отырмыз.

Жоба жастар арасында заңға құрметті қалыптастыруға, қаржылық және құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталғанын атап өткен жөн. Олардың сөзінше, мұндай бастамалар өскелең ұрпақтың азаматтық жауапкершілігін нығайтуға ықпал етеді.

Арман Ізбастинов, Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастырушы бақылау басқармасының басшысы

Біз жастардың белсенділігіне, азаматтық ұстанымына және көтерілген тақырыптарға бей-жай қарамайтынына куә болдық. Осындай шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып ғана қоймай, олардың бойында жауапкершілік пен патриоттық құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етеді

Әзіл арқылы қоғамдағы маңызды мәселелерді көтерудің әсері ерекше. Жастар сахнада өз ойларын еркін жеткізіп қана қоймай, көрерменге пайдалы ақпаратты жеңіл форматта ұсына алады. Биылғы жобаға еліміздің бірнеше өңірінен командалар қатысып, көрермендерге мазмұнды бағдарлама ұсынды.

Олжас Қоңыратбаев, Павлодар «Жайдарман» лигасының төрағасы

Командалардың дайындығы жаман емес, өте керемет , жақсы дайындықпен келеген екен. Бұл ойында бірінші орынға 300.000, екінші орынға 200.000, үшінші орынға 100.000 сыйлықтары табысталады болады.

Жайдарманға қатысушылар да заң мен тәртіп тақырыбын әзілмен ұштастырып жеткізуге тырысты. Олар көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлаумен қатар, қоғамдағы жауапкершілік пен құқықтық мәдениеттің маңызын көрсетуді мақсат еткен.

Толғанай Музкен, қатысушы

Бүгінгі Жайдарман тақырыбы «Заң мен тәртіп», осы тақырыпқа сай әзілдерімізбен келген болатынбыз. Бүгінгі ойынға 8 адам боп келіп отырымыз. Ертіс Променад сахнасында алғаш ретпіз, осы дәржеге жету үлкен жетістік

Ернияз Амантай, қатысушы

Әрине болған, мұндай ойындар біздің қаламызда да атап өтілді. Сондықтан арнайы жазылған материалдарымыз бар бұл ойынға.

«Заң мен тәртіп» жобасы аясында өткен әзіл кеші жастардың шығармашылық әлеуетін қолдаумен қатар, қоғамда заңға құрмет пен жауапкершілік мәдениетін нығайтуға өз үлесін қосады.

Қымбат Садық