Өткеннің өнегесі ешқашан өшпейді. Халқының денсаулығын сақтауға ғұмырын арнап, өңір медицинасының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың бірі – Зәкір Жақыпов. Бүгінде оның сара жолын жалғаған ұрпақтары атасының аманатына адал болып, ақ халат киіп, ел игілігі үшін еңбек етіп жүр.
Зәкір Жақыпов 1870 жылы қазіргі Павлодар облысы Май ауданында дүниеге келген. Ел ішінде кең тараған жұқпалы аурулармен күресіп, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға еңбек сіңірді. Өңірдегі алғашқы кәсіби медицина мамандарының бірі ретінде халыққа сапалы медициналық көмек көрсетіп, алғашқы ауруханалардың қалыптасуына үлес қосты.Бүгінде оның ұрпақтары кардиология орталығындағы мұражайға келіп, ардақты аталарының еңбегіне тағзым етті.
Назымгүл Арынова, нағашы жиені
Зәкір Жақыпов ол біздің нағашы атамыз. Бұрын кішкентай кезімізде мамамыз көп айтатын. Ол Павлодар облысы Май ауданында, Баянауыл ауданында да тұрған. Көп еңбегі сінген. Осы біздің атамыздың мындай лупа деген бізге дейін жеткен. Бізде ол кісінің жолын қуып, дәрігер мамандығынды істеп жүрміз.
Зәкір Жақыпов 1924 жылы Павлодарда өткен бесінші медициналық съезге қатысып, өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін дамытуға атсалысты. Арнайы білім алған санаулы қазақ дәрігерлерінің бірі ретінде көптеген жас маманға жол көрсетті.
Жеңісгүл Сүлейменова, нағашы жиені
Біздің үлкен атамыз Зәкір Жақыпов ол тек тарихтағы есім емес, ол біз үшін отбасымыздығы медина салалсының бастауы болған. Анам әрдайым ол кісі айтып отыратын, сол үшінде мен осы мамандықты тағдадым.
Бір әулеттің ғана емес, тұтас өңір медицинасының тарихында өзіндік орны бар Зәкір Жақыповтың есімі бүгін де құрметпен аталады. Оның адам өмірін арашалауға арналған қажырлы еңбегі мен кәсіби мұрасы кейінгі буынға үлгі болып қала береді.
Дильназ Қуанышбекқызы