Павлодар университетінде студенттің дипломдық жұмысы аясында Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасы негізінде қойылған моноспектакль көрермен назарына ұсынылды. Қойылымды актерлік өнер мамандығының түлегі Есжан Мұратбек сахналады. Жас актер спектакль барысында кейіпкердің образын жалғыз өзі сомдап қана қоймай, бірнеше ұлттық музыкалық аспапта өнер көрсетті.

Университет қабырғасындағы актерлік өнер бөлімі 2020 жылдан бері мамандар даярлап келеді. «Батыр Баян» шығармасы Есжан Мұратбек үшін ерекше туынды. Студент бұл поэмадан үзінді орындап, үшінші курс кезінде Алматы қаласында өткен республикалық олимпиадада бас жүлдеге ие болған. Биыл сол шығарманы кеңейтіп, толыққанды моноспектакль ретінде дипломдық жұмысына арқау етті.

Гүлжанат Омарова, режиссер

Шығарманың мазмұны Батыр Баянның інісі сатқындық жасайды ғой. Қалмақтан алып келген қызды інісі Батыр Ноян алып қашады Сарыарқадан. Сонда артынан Батыр Баянға хабар барады, хабар барғаннан кейін ашумен, кекпен інісін садақпен тартып өлтіреді. Сосын қызын өлтіреді. Соңында өкінішін айтады, зарын айтады. «Неге өлтірдім, әлде қазақтың намысы үшін өлтірдім бе?» дейді. Сол шығармада жеткізе білді.

Қойылымға дайындық жұмыстары өткен жылдан басталған. Спектакль барысында Есжан Мұратбек актерлік шеберлігімен қатар музыкалық қабілетін де көрсетті. Ол қобыз, сыбызғы, дауылпаз және домбырада ойнап, кейіпкердің ішкі толғанысын көрерменге әсерлі жеткізе білді. Батыр Баянның қайғысы мен өкініші, намыс пен адалдық жолындағы күресі сахнада шынайы бейнеленді.

Жұмахан Доспаев, диплом жетекшісі

Бізде өзі 16 бала бар. Олардың ішінде бірінші, екінші, үшінші мен төртінші курс бар. Биыл 5 бала бітіріп жатыр. Соның ішінде Есжан таңертеннен бастап дайындалатын. Біз сағат 10да дайындық болады десек, ол сағат 9да келіп алатын бала. Басқа балалар кешігіп те келеді. Сұранған уақыты болмады. Алғашында ешқандай аспапта ойнай алмайтын. Ал қазір барлық аспапты 4 жылдың ішінде игеріп алды. Былтыр Батыр Баянның бір кішкентай бөлігін ғана алғанбыз, сосын ойладық неге бір толық спектакль ретінде шығармасқа деп. Моноспектакль ретінде, яғни, бір адамдық спектакль.

Көрермендер қойылымды ерекше ықыласпен қабылдады. Қол соғып, жас актердің еңбегіне жоғары бағасын берді. Қобыздың мұңды үнімен аяқталған қойылым көпшіліктің көңілінде терең әсер қалдырды. Бұл жұмыс жас актердің төрт жылдық ізденісі мен шығармашылық еңбегінің жарқын қорытындысына айналды.

Сабина Жолдаспаева