Павлодарда «TAZA VIBE» экологиялық флешмобы өтті. Усолкадағы шаңғы базасының маңындағы аумақ бір сәтке табиғатты қорғау мен қоршаған ортаның тазалығына әр адамның жеке жауапкершілігін насихаттайтын алаңға айналды. Жоба практикалық іс-шаралардан бастап ашық пікір алмасуға дейінгі түрлі форматтарды қамтып, қатысушылардың белсенді араласуы мен ортақ жауапкершілік атмосферасын қалыптастырды.
Қатысушылардың айтуынша, мұндай бастамалар қаланың үйреншікті кеңістіктеріне жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Мұнда тек атқарылған жұмыс қана емес, адамдардың қоршаған ортаға деген қарым-құатынасы да маңызды. Көпшілік үшін бұл бас қосу экологиялық болашақ жолындағы ортақ қозғалыстың бір бөлігі екенін сезінуге мүмкіндік болды.
Акция барысында қатысушылар экологиялық мәселелерді талқылап қана қоймай, жағалау аумағын тазалау жұмыстарына да белсенді қатысты. Қоршаған ортаға қорған болу қажеттігін баршасына жеткізе білуіміз керек дейді тұрғындар.
Евгений Лихота, акция қатысушысы
«Маған бұл іс-шараның өте жақсы ұйымдастырылғаны ұнады. Барлығы жауапкершілікпен қарады, су және басқа қажетті заттар қамтамасыз етілді. Біз бірден жағалау аумағын тазалауға кірістік. Менің ойымша, қоршаған ортаға қамқорлық жасау – әрқайсымыздың міндетіміз. Әр адам бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауы керек. Егер әркім жерге бөтелке сияқты қоқыстарды тастамайтын болса, айналамыз әлдеқайда таза болар еді».
Мұндай бастамалар біртіндеп қалалық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Қоршаған ортаға қамқорлық жасау күнделікті өмірдің табиғи нормасы ретінде қабылдануда. Осындай жобаларға қатысатын адамдар саны артқан сайын, табиғатқа және қалалық ортаға деген көзқарас та оң өзгеріске ұшырайды. Іс-шара соңында қатысушылар мен фотокөрме жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Экология және қоршаған ортаға ұқыпты қарау тақырыбын үздік бейнелеген жұмыстар арнайы аталып өтті.