Мемлекеттік рәміздер күні - елдіктің нышаны бекіген күн. Облыста мерекеге орай 300-ге жуық патриоттық іс-шара ұйымдастырылды. Павлодар қаласында Мемлекеттік рәміздер алаңында өткен басты салтанатты шараға облыс әкімі, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Бұл мереке – Тәуелсіз Қазақстанның айбынын айқындайтын, елдік рух пен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін маңызды күн. Өңір басшысының пәрменінен кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы салтанатты түрде көтеріліп, Әнұран шырқалды.
Мерекелік шара барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери бөлімдердің жауынгерлері сап түзеп өтті.
Павлодар гарнизонында жас ұрпақты әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінеді. Әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығы тұрақты түрде жетілдіріледі.
Сәкен Шырынханов, Павлодар гарнизонының бастығы
Гарнизон басшысы ретінде Мемлекеттік Туды көтеру рәсіміне қатысу біз үшін үлкен мәртебе. Біз Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы мен Әнұранын әрдайым құрметтейміз. Мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеу – туған жеріміздің өркендеуі мен ел бірлігін нығайтудың маңызды негізі.
Мемлекеттік рәміздер күні – әр азаматтың Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық бірегейлікті нығайтатын ерекше мереке. Еліміздің әр өңірінде өткен осындай шаралар қазақстандықтардың ортақ құндылықтарға деген құрметін көрсетті.
Сабина Жолдаспаева