Жаздың келуімен бірге Орталық жағалау да ерекше күйге енді. Мұнда өнерлі жастардың басын қосқан «Jastar VIBE» жобасы аясында «ЖасART» атты ауқымды тақырыптық кеш өтті. Жастардың шығармашылық әлеуетін ашып, бос уақытын тиімді ұйымдастыруды көздеген шараға мыңнан аса белсенді жас жиналды. Әріптесім де кеш куәсі болып қайтты.

Өткен жылы бастау алған жастар жобасы биыл да өз жалғасын тапты. Әсіресе, кешкі уақытта Орталық жағалауда жастар көп жиналады. Бұл жоба – сол белсенді жастардың уақытын барынша қызықты, пайдалы әрі сапалы өткізуге мүмкіндік беретін алаң.

Жаннұр Ахметжанова, Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы

«Осы жобаға өңіріміздің барлық қала-аудандарынан қатысады. Белгіленген кестеге сәйкес, биыл әр сейсенбі, сәрсенбі күндері әр қала-аудандар өздерінің екі күндік жастарға арналған мәдени-сауық, түрлі форматтағы бағдарламасын ұсынады. Биылғы ерекшелік – биыл қала-аудандар, онымен қоса Мемлекет басшысының бастамасымен былтырғы жылдан «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілетіп жатырмыз және де «Таза Қазақстан» экологиялық науқанымыз бар, сондықтан да осы республикалық деңгейдегі маңызды науқандарды жастарға дұрыс, тиімді насихаттау.»

Ауқымды бағдарлама аясында кез келген қала тұрғыны өзіне ұнайтын қызықты дүние таба алды. Мұнда жас жанұялар бас қосқан «Шаңырақ» алаңы, үстел ойындары, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық арт-аймақ, кәсіптік бағдар беру алаңы, мерекелік концерт және өзге де қызықты шаралар ұйымдастырылды.

Валерия Шмулько, өнерпаз

«Мен гитарада ойнаймын, бұл өнермен айналысқаныма 8 жылдың жүзі болды. Құрманғазы атындағы музыка мектебінде Александр Сергеевич Классеннің сыныбына бардым. Кейін ұстазымыздың ең талантты шәкірттерімен бірге ансамбль құрдық. Биыл жазда оның құрылғанына тура бір жыл толады. Кеште біз 6 шығарма орындаймыз, олардың қатарында блюз, джаз және рок бағытындағы әндер бар».

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаз бойы жастарға арналған мәдени-танымдық және демалыс шаралары тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Олардың қатарында концерттік бағдарламалаР мен әр алуан форматтағы ойын-сауық кештері болмақ.

Жұлдыз Қабылденова