Достық үйінде отбасылық құндылықтар мен ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуге арналған «Әже мен немере» облыстық байқауы өтті. Жоба өскелең ұрпақты салт-дәстүрді құрметтеуге баулып, отбасылық байланысты нығайтуды көздеді. Толығырақ – тілші әңгімесінде.
Бұған дейін Железин, Шарбақты аудандарында өткен облыстық байқау бұл жолы Достық үйінде жалғасын тапты. Баянауыл ауданы, Ақсу және Екібастұз қалаларынан келген әжелер шараға немерелерімен бірге қатысты.
Бақытжамал Максилова, «Нұр-ана әлемі» ҚБ төрағасы
«Ылғи да бізде әже мен бір немере ғана қатысатын. Ал бүгін келіпті әже екі немересіменен. Енді сол сайысты көресіздер, таңғаласыздар. Себебі біздің әжелердің қолынан өнер де келеді, қолөнер әжелері де бар, өлең айтатын әжелеріміз бар, салт-дәстүрді көрсететін әжелер бар. Биылғы жыл – біздің жыл, биылғы жыл – біздің мереке. Бірге мерекелейік. Біз – халықпенбіз, халық – бізбен бірге. Ең бірінші біз аудандарға барған себептеріміз – ауданның халқы көрсін, «НҰР-АНА ӘЛЕМІ» ҚБ мүшелерін көрсін, апалардың еңбегін көрсін, ел көрсін, халық көрсін деп жүргендегі түріміз.»
Өнегелі сайыс үш кезең бойынша өтті. Қатысушылар алдымен өздерін таныстырып, кейін қолөнер туындыларын қазылар алқасы мен көрерменге ұсынды. Ал қорытынды кезеңде ақ жаулықты әжелер немерелерімен бірге сахна төрінде өнерлерін ортаға салды.
Бибігүл Нұрмұхамбетова, байқау қатысушысы
«Мен немерелерім мен жиеніммен клеіп отырмын. Немерем – Кәусар және жиенім – Ангелина. Біз енді осы «Әже мен немере» сайысына дайындалып келген сияқтымыз, өйткені біз өзіміз әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді ұстанамыз үйде де. Ұмытпасын деп, осы балалар қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын ұмытпасын деп үйретуге тырысамын. Енді біздің ол міндетіміз ғой. Бұрынғы әжелеріміз бізге үйреткен, біз енді осы балаларға көп заттарды – әдет-ғұрыптарды, мақал-мәтелдерді үйретуге тырысып жүрмін.»
Үздік шыққан қатысушылар арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталады. Айта кетейік, «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің мерейтойына арналған жобалар қыркүйек айына дейін жалғасады. Күзде өтетін қорытынды жиынға облыстың барлық ауданынан бірлестік мүшелері жиналады деп күтілуде.
Жұлдыз Қабылденова