Ертіс ауданында көктемгі егіс науқаны толық аяқталды. Диқандар 300 мың гектар алқапқа тұқым сеуіп, мол өнім алуға үміттеніп отыр. Бұған қолайлы ауа райы мен заманауи технологияларды енгізу оң әсерін тигізуде. Толығырақ келесі материалда.


Бұл алқаптарда жұмыс таңның атысынан күннің батысына дейін тоқтаусыз жүреді. «Уразбаев» шаруа қожалығы өсімдік шаруашылығымен 30 жылдан астам уақыт айналысып келеді. Биыл мұнда 25 мың гектар жерге егін егілді. Оның 65 пайызына дәнді дақылдар себілсе, қалған алқаптарға күнбағыс пен рапс орналастырылған.

Әлібек Уразбаев, «Уразбаев» ШҚ бас агрономы

Биыл жақсы өнім болады деп күтіп отырмыз. Себебі көктемдегі ауа райы қолайлы болды. Мамыр айындағы төмен температура арамшөптердің өсуін баяулатты. Қазір маусымның 3-4-і болса да, топырақта ылғал жеткілікті, әлі де егін егуге мүмкіндік бар. Сондықтан үмітіміз зор. 

Биыл шаруашылық егістікті өңдеуге арналған агродрон сатып алған. Оның көмегімен мың гектардан астам алқап өңделді. Жалпы Ертіс ауданында жаздық егіс шамамен 300 мың гектар аумақта жүргізілді. Оның ішінде дәнді дақылдар 195 мың гектардан астам жерді, ал майлы дақылдар 89 мың гектарға жуық алқапты алып жатыр.

Сандуғаш Өтепова, Ертіс ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі АӨК секторының меңгерушісі

Биыл майлы дақылдардың егіс көлемі артты. Әсіресе күнбағыс алқабы өткен жылмен салыстырғанда 4,4 мың гектарға көбейді. Биыл егіс жұмыстары толық аяқталды. 

Егіс науқанын уақытылы аяқтауға мемлекеттік қолдау мен қажетті техниканың дер кезінде жеткізілуі мүмкіндік берді. Жыл басынан бері ауданның ауыл шаруашылығы кәсіпорындары жалпы құны шамамен 1,5 миллиард теңгені құрайтын 27 дана жаңа техника сатып алған.

Сандуғаш Өтепова, Ертіс ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі аөк секторының меңгерушісі

Мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер «Кең дала» және «Кең дала-2» бағдарламалары бойынша 25 өтінім негізінде 2 миллиард теңге несие алды. Сонымен қатар жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етілді. Ертіс ауданына 5 мың 295 тонна жанар-жағармай бөлінді. Биыл бұл бағытта ешқандай кідіріс те, мәселе де болған жоқ. 

Енді диқандардың басты міндеті – егістікті сақтап, оған қажетті күтім жұмыстарын жүргізу. Бұл күзде мол өнім жинауға мүмкіндік береді.

Дильназ Қуанышбекқызы