Мемлекеттік рәміздер күніне орай орталық жағалауда «Ертіс Толқыны» жобасы аясында «BIR TU. BIR EL. BIR BOLASHAQ» атауымен тақырыптық кеш өтті. Іс-шара барысында жастарға арналған патриоттық, танымдық және шығармашылық алаңдары жұмыс атқарды. Толығырақ шара барысымен танысып қайтқан тілшіміз жалғастырсын.
Облыстық «Жастар серпілісі» жобасы аясындағы жазғы «Ертіс толқыны» бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылған шараның негізгі мақсаты – жастар арасында мемлекеттік рәміздерді насихаттау және ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Іс-шара аясында «BB: Bolashaqqa Bagdar» профориентациялық алаңы, «Tugan El Rukhy» патриоттық аймағы, «Uly Dala Oyin» ұлттық ойындар алаңы, «Simvoldar Sheberhanasy» шығармашылық шеберлік сағаты және «KökFlagKZ» интерактивті алаңы ұйымдастырылды. Қатысушылар жоғары оқу орындарының білім беру мүмкіндіктерімен танысып, мемлекеттік рәміздердің тарихы мен маңызына арналған танымдық тапсырмалар мен викториналарға қатысты. Сонымен қатар ұлттық ойындар ойнап, мемлекеттік рәміздер тақырыбында шығармашылық жұмыстар орындады.
«Jastar Vibe» жобасы жастардың қоғамдық және мәдени өмірге белсенді араласуына бағытталған алаң болды. Шара соңы қала тұрғындарына арналған мерекелік концертпен қорытындыланды.
Салтанат Бауыржанқызы