Павлодар облысында еліміздің цифрлық дамуындағы ең ірі жобалардың бірі – «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасын жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда. Осыған байланысты өңір басшысы Асайын Байханов Екібастұз қаласында көшпелі кеңес өткізіп, жобаның орындалу барысын талқылады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған бастама Еуразия кеңістігіндегі ең ірі цифрлық кластерлердің біріне айналмақ. Жобаға әлемдік деңгейдегі ірі технологиялық компаниялардың қатысуы жоспарланған.

Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алғашқы кезең аясында 2027 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін қажетті инженерлік инфрақұрылым салынып, қуаттылығы 125 мегаватт болатын алғашқы деректерді өңдеу орталығы іске қосылады. Ал 2029-2033 жылдар аралығында келесі нысандар кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі.

Аян Бейсекин, Екібастұз қаласының әкімі

Бүгінде жобаға қажетті барлық жер телімдері рәсімделді. Жалпы аумағы 177 гектар жер бөлінді. Оның 124 гектары бір аумақта орналасқан. Бұған дейін қосалқы станция үшін 4,6 гектар және ашық тарату құрылғысына 0,9 гектар жер рәсімделген болатын. Сіздің тапсырмаңыз бойынша Сәтбаев атындағы каналдан су алу бойынша техникалық шарттар алдық. Каналдан нысанға дейінгі қашықтық шамамен 6 шақырым. Құрылыс басқармасы жобалау жұмыстарын бастап кетті. Есеп бойынша тәулігіне 2300 текше метр су қажет болады.

Сонымен қатар Екібастұздағы МАЭС-1 маңында болашақта жобаны кеңейту үшін жалпы аумағы шамамен 1300 гектар болатын қосымша жер телімдері резервке қойылған. Қазір сумен қамту жүйелерін жобалау жұмыстары жүргізілуде.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі

Жоба толық қуатына шыққанда тәулігіне 2300 текше метр су беру үшін екі желі тұрақты жұмыс істеуі қажет болады.

Аян Бейсекин, Екібастұз қаласының әкімі

Нақты тұтыну көлемі бұдан әлдеқайда аз болады. Бұл көлемнің басым бөлігі өрт қауіпсіздігі талаптарын қамтамасыз ету үшін қарастырылған. Ал күнделікті тұрмыстық қажеттілікке шамамен 150-200 текше метр су жеткілікті болады. Су жүйеге тұрақты қысыммен беріледі.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі

Егер нақты су тұтыну көлемі тәулігіне 200 текше метр болса, сүзгілеу алаңдарына қажеттілік туындай ма?

Аян Бейсекин, Екібастұз қаласының әкімі

Ондай қажеттілік жоқ. Мұнда септик жүйесі қарастырылады. Тұрмыстық су тұтыну көлемі көп болмайды.

Жобаның бірінші кезеңін электр қуатымен қамтамасыз ету үшін қолданыстағы қуаты 215 мегаватт болатын қосалқы станция пайдаланылады. Бұл салынып жатқан орталықтың қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік береді. Кейінгі кезеңдерде энергетикалық инфрақұрылымды кеңейту, қосымша трансформаторлар орнату және станцияны жаңғырту жоспарланған. Сондай-ақ 20 шілдеге дейін ұзындығы 2 шақырым болатын кіреберіс автожол құрылысының мемлекеттік сараптамасының қорытындысын алу көзделіп отыр. Жол құрылысының құны шамамен 900 миллион теңгені құрайды. Жобаның негізгі операторы – «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы.

Ғазиз Дөненбай, «Қазақтелеком» АҚ басқарма мүшесі

Жоба үш негізгі бөліктен тұрады. Біріншісі – үш қабатты әкімшілік-тұрмыстық кешен. Оның жалпы аумағы 2 мың шаршы метр болады. Мұнда кеңселер, коворкинг аймағы және асхана орналасады. Екіншісі – негізгі жабдықтар қойылатын деректерді өңдеу орталығы. Оның аумағы 7 мың шаршы метрді құрайды. Қолданыстағы қоршауды ауыстырудың қажеті жоқ. Бейнебақылау жүйесі орнатылып, қоршауға жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Мамандардың айтуынша, жоба құрылыс кезеңінде 1500-ден астам уақытша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ал нысандар толық іске қосылғаннан кейін 250-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылады. Болашақта бұл жоба өңірге жоғары технологиялық инвестициялар тартуға және Қазақстанның цифрлық экономикасын дамытуға серпін береді. Жобаның барлық кезеңі аяқталған кезде кластердің жалпы қуаты 1 гигаваттқа жетеді. Оның аумағында 10 заманауи деректерді өңдеу орталығы жұмыс істейтін болады. Кеңес қорытындысында облыс әкімі жауапты мемлекеттік органдарға инженерлік желілер мен сыртқы инфрақұрылым құрылысы жұмыстарын үйлестіруді күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар кіреберіс автожол жобасының мемлекеттік сараптамасын жеделдетіп, құрылыс-монтаж жұмыстарына уақытылы кірісу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ жобаның келесі кезеңдерін ескере отырып энергетикалық инфрақұрылымды дамыту және барлық жоспарланған шаралардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.

Сабина Жолдаспаева