Павлодарлық студент әлемдік деңгейдегі додада топ жарды. Қытайда өткен халықаралық WorldSkills турнирінде жерлесіміз Дарья Мельник өнеркәсіптік дизайн құзыреттілігі бойынша алтын медаль жеңіп алып, Қазақстанның абыройын асқақтатты. Жарысқа көптеген елдің жүйріктері қатысып, біліктерін көрсеткен. Топ жарып ел атын жақсы қырынан шығарып қайтқан студентпен алғашқылардың бірі болып тілшіміз Сабина Жолдасбаева тілдесіп қайтты. 


Қытай Халық Республикасының Шэньчжэнь қаласында өткен халықаралық турнирге Қазақстан, Қырғызстан, Малайзия, Сауд Арабиясы және Қытайдан келген 16 жас маман қатысты. Олар өнеркәсіптік дизайн саласы бойынша өздерінің кәсіби білімі мен шығармашылық қабілеттерін сынады. Байқау барысында қатысушыларға бірнеше күрделі тапсырма берілді. Олар заманауи өндірістік дизайн талаптарына сай жобалар әзірлеп, тың идеялар мен инновациялық шешімдерді ұсынды. 

Дарья Мельник, Павлодар қаласы ақпараттық технологиялар колледжінің студенті

Бұл жоба адамдарға қажет жаңа дүниелерді ойлап табуға және бұрыннан бар өнімдерді жетілдіруге мүмкіндік береді. Менің тапсырмам үстел үстіне қойылатын желдеткішті жаңарту болды. Ұсынған шешімім бойынша желдеткіш жиналып-қатталатын және бұрышын еркін өзгертуге болатын етіп жасалды. Біз қолданыста бар затты алып, оған қандай жаңашылдық енгізуге болатынын ойластыруымыз керек болды. Мысалы, мен жасаған желдеткіш әртүрлі бұрышқа иіліп, пайдаланушыға ауа ағынын өзіне ыңғайлы бағыттауға мүмкіндік береді. Басқа қатысушылар да өз идеяларын ұсынып, желдеткішті мойынға тағуға немесе құлаққа бекітуге болатын нұсқаларды әзірледі.

Турнирде практикалық дағдылары мен жобамен жұмыс істеу қабілеттері бағаланды. Дарья Мельник барлық кезеңнен сәтті өтіп, жоғары кәсіби дайындық деңгейін көрсетті. Оның жұмысы халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағаланып, нәтижесінде павлодарлық студент бірінші орынға ие болды.

Дарья Мельник, Павлодар қаласы ақпараттық технологиялар колледжінің студенті 

Өнеркәсіптік дизайн саласына екі жыл бұрын келдім. Осы уақыт ішінде бұл бағытты терең меңгеріп, түрлі жобалармен айналысып жүрмін. Қытайдағы жарысқа шамамен бір ай дайындалдым. Маған тәлімгерім үлкен қолдау көрсетті. Сондай-ақ өзімді халықаралық деңгейде көрсетуге мүмкіндік берген колледжіме алғысымды білдіремін. Өнеркәсіптік дизайнда креативті ойлау мен технологияларды түсіну өте маңызды. Дизайнер жаңа әрі пайдалы шешім ұсына білуі керек. Мен Шэньчжэнь қаласында бір апта болдым. Бұл – технологиясы мен дизайны дамыған заманауи қала. Мұндай орта жаңа идеялар жасауға ерекше шабыт береді. Жарыс екі күнге созылды. Бірінші күні біз концепция әзірлеп, пайдаланушылардың қажеттіліктерін зерттедік. Екінші күні жобаны модельдеп, таныстырылым жасадық. Өз идеямыздың ерекшелігі мен артықшылықтарын қорғадық.

Жеңімпазды жарысқа ақпараттық технологиялар колледжінің оқытушысы Борис Григорьев дайындаған. Ұстаздың тәжірибесі мен жүйелі дайындығы халықаралық деңгейдегі жеңіске жетуге үлкен үлес қосты.

Борис Григорьев, Павлодар қаласы ақпараттық технологиялар колледжінің оқытушысы

Дарьяның жобасы өте мықты болды. Мен басқа елдерден келген қатысушылардың жұмыстарын да көрдім. Әсіресе қытайлықтардың деңгейі жоғары, бірақ біз де сол деңгейге жеттік. Барлық қатысушыларға бірдей тапсырма берілді. Негізгі талаптар көрсетілді, ал жобаның қандай болатыны әр қатысушының қиялы мен шығармашылығына байланысты болды. Қазір біздің басты мақсатымыз – қыркүйек айында Шанхайда өтетін әлем чемпионатына дайындалып, сол жарыста ел намысын қорғау.

Бұл жеңіс – Дарьяның жеке жетістігі ғана емес, Қазақстандағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің әлеуетін көрсететін маңызды нәтиже. Павлодарлық студенттің табысы қазақстандық жастардың әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.


Сабина Жолдаспаева