Павлодардағы облыстық кітапханада жас фотографтардың еңбегін қорытындылаған фотокөрме өтті. Көрмеге бірнеше ай бойы фото өнерін меңгерген балалар мен жасөспірімдердің үздік жұмыстары қойылды. Экспозицияға сегіз қатысушының отыз екі фотосуреті енгізілген. Әр автор өз көзқарасы мен шығармашылық ізденісін танытатын төрт жұмыстан ұсынды.
Көрмеде ұсынылған жұмыстардың бірі – 16 жастағы жас фотографтың туындылары. Ол бұл өнермен үш жылдан бері айналысады. Қызығушылығы бала кезінен басталған. Көрмеге қатысушы өз достарының портреттері мен қала көшелерінде түсірілген көркем кадрларын ұсынды. Оның айтуынша, серуендеу кезінде ерекше сәттерді байқап, камераға түсіру сүйікті ісіне айналған.
Дария Малышева, қатысушы
Мен болашақта фото ісін өз мамандығыма айналдырғым келеді. Себебі бұл сала шығармашылықпен айналысуға ғана емес, жаңа адамдармен танысып, тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Қазір негізінен жеке және жұптық фототүсірілімдермен айналысамын. Фотограф болу үшін камерамен жұмыс істеуді меңгеріп қана қоймай, адаммен дұрыс қарым-қатынас орната білу де маңызды. Түсірілім кезінде екі жаққа да жайлы атмосфера қалыптастыру қажет. Көрмеге менің бірнеше жұмысым қойылды. Әсіресе иттің суреті мен қала көшесінде кездейсоқ түсірілген кадр өзіме ерекше ұнайды.
Бұл көрме тек дайын жұмыстардың жиынтығы емес. Мұнда жас авторлардың шығармашылық жолы, қоршаған ортаны қабылдауы мен дүниетанымы көрініс тапқан. Қатысушылар кадр арқылы ой жеткізуді, ерекше сәттерді байқауды үйренеді.
Жасмин Мықтыбаева, көрме ұйымдастырушысы
Біз 8 бен 16 жас аралығындағы балаларға фотосурет өнерін үйретеміз. Олар арнайы оқу курсынан өтеді. Курс аяқталған соң өз жұмыстарын көпшілікке таныстыратын қорытынды көрме ұйымдастырамыз. Оқушылар көбіне портреттік жанрда жұмыс істейді. Осы саланы кәсіби түрде жалғастырып жүрген түлектер де бар. Биылғы көрмеде сегіз оқушының әрқайсысынан төрт жұмыстан, жалпы саны 32 фотосурет ұсынылды.
Көрме жас таланттардың өнерге деген қызығушылығын шыңдап, болашақтағы шығармашылық қадамдарына жол ашатын маңызды алаңға айналды. Үздіктер алғыс хаттармен марапатталды.
Сабина Жолдаспаева