Григорий Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде палеосуретші Ильшат Исхаковтың «Қазақстан динозаврлары» атты жеке фотокөрмесі ашылды. Экспозицияда автордың 50-ден астам туындысы қойылған.
Көрме миллиондаған жылдар бұрын қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген ежелгі тіршілік иелерінің жұмбақ әрі таңғажайып әлеміне арналған. Келушілер динозаврлардың суреттерін, палеонтологиялық реконструкцияларды, сондай-ақ ғылыми деректер мен көркем қиялдың үйлесімінен туған авторлық жұмыстарды тамашалады. Экспозицияда полимерлі саз бен металдан жасалған мүсіндер де ұсынылған.
Ильшат Исхаков, палеосуретші
Мен кішкентай кезімде, жеті жасымда алғаш рет динозаврдың суретін көрдім. Сол кезден бастап бұл тақырыпқа қызығушылығым оянды. Кейін олардың суретін салып, мүсіндерін жасай бастадым. Мұнда қойылған жұмыстардың барлығы соңғы үш жыл ішінде жасалды
Өскеменнен келген палеосуретші әрбір туындысын жасау алдында ғылыми зерттеулер жүргізетінін айтады. Автор ежелгі жануарлардың сыртқы келбетін палеонтологиялық деректерге сүйене отырып қалпына келтіреді. Оның мақсаты – көрермендерді тарихқа дейінгі дәуірдің тіршілік иелерімен таныстырып қана қоймай, ғылымға деген қызығушылықты арттыру.
Ильшат Исхаков, палеосуретші
Ең есте қалған жұмыстарымның бірі – тираннозавр-зомби. Тіпті онымен түскен суретім де бар. Бұл мүсінді полимерлі саздан жасадым. Полимерлі саз кәдімгі ермексазға ұқсайды, бірақ өңдеп, қыздырғаннан кейін пластик секілді қатайып қалады
Көрме бір ай бойы жалғасады. Осы уақыт аралығында қала тұрғындары мен қонақтары ежелгі дәуірдің алып жаратылыстары туралы тың мәлімет алып, автордың бірегей туындыларымен таныса алады.
Дильназ Қуанышбекқызы