Аймақта кадрлық ауыс-түйіс жалғасып жатыр. Успен ауданының активімен өткен жиында облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов өңірдің жаңа басшысын таныстырды.
40 жастағы Нұрболат Мақашев Успен ауданының әкімі болып тағайындалды. Ол 2007 жылдан бастап мемлекеттік қызметте еңбек етеді. 2021 жылдың наурыз айынан қазіргі уақытқа дейін Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметін атқарды.
Нұрболат Мақашев, Успен ауданының әкімі:
Бұл сенім мен өте үлкен жауапкершілік. Сол себепті осы Успен ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықпен тығыз жұмыс істеуге, өзімнің білімімді және тәжірибемді, күш-жігерімді салуға тырысамын.
Серік Батырғожинов, Павлодар облысы әкімінің орынбасары:
Ең бастысы-өзінің керемет тарихы бар, жұмысқа деген қабылеттілігі жоғары адамдары бар аудан. 2023 жылы ауданның әлеуметтік-жкономикалық жағдайы жақсарады деген сенімдемін. Жаңа әкімнің жұмысына табыс тілеймін.
Успен ауданының әкімі қызметін атқарған 57 жастағы Николай Дычко енді Павлодар ауданын басқарады. Серік Батырғожинов Ержан Иманслямға Павлодар ауданының әкімі лауазымындағы жұмысы үшін алғысын білдірді. Николай Дычко 1965 жылы Көкшетау облысында дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар.
Серік Батырғожинов, Павлодар облысы әкімінің орынбасары:
Адамның шоғырланған саны осы жерде көп. Сондықтан сіздер бірге осы ауданның әлеуметтік-экономикалық саласын дамытуға үлес қосасыздар.
Николай Дычко 2006 жылдан 2018 жылға дейін Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары, Павлодар облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы, Павлодар облысы әкімінің орынбасары, Ақсу қаласының әкімі, "Нұр Отан" партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды.
Аяулым Рахымжанова