Бірнеше жылдан бері жұрт талқысына түскен кремний зауыты Екібастұз қаласы маңында салынбақ. Қазіргі уақытта инвесторлар да дайын. Зауыт қуаттылығы жылына 35 мың тонна өнім шығарады.

Кремний зауыты жобасының жалпы құны 35 миллиард теңге. Дубай қаласында тіркелген канаракс компаниясы инвестор болуға келісіпті. Қазіргі уақытта жобаны іске асыру үшін құжаттама жұмыстары аяқталып та қалған.

Сағыныш Нұркімбаев, кәсіпкерлік және индустриялды инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

Жобалық сметалық құжаты мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Ақпан және наурыз айларында мәресіне жетуі тиіс. Биылғы құрылыс маусымында жобаны іске асыру жұмыстары басталады.

Зауыт ашылса 300 адам жұмыспен қамтылмақ. Өнім негізінен экспортқа бағытталады. Кәсіпорын қазақстандық шикізаттарды қолданады. Десе де, зауыты көп Екібастұздықтар кезекті кәсіпорын экологиялық ахуалды одан әрмен күрделендіре ме деп алаңдаулы.

Десе де, экология департаменті бәрі дұрыс деп отыр. Өткен жылдың ақпанында өткен қоғамдық тыңдау негізінде мемлекеттік экологиялық сараптама оң қорытынды шығарған.

Мағзұм Қоқымбаев, экология департаменті басшысының м.а:

Биыл да кезекті рет қоғамдық тыңдау өтеді. Қаңтар айының соңына жоспарланып отыр. Соған сәйкес тағы да тиісті шешімдер қабылданады. Департамент өз тарапынан барлық бақылау жұмыстарын атқарады.

Құны ондаған миллард теңге тұратын жоба өңір экономикасына серпін береді деп күтілуде. Онда жасалған өнім жоғары дамыған елдерге шығарылмақ.

Жанасыл Серікбол