Павлодар облысында пияз еке есе қымбаттап кетті. Қазір дүкендерде бағасы 300 теңгеден асады. Ал, аймақтың тұрақтандыру қорында 250 тонна пияз бар. Сонда бағаның өсуіне не түрткі болып отыр? Жұрт қолжетімді бағадағы көкөністі қайдан таба алады? Әріптесім Аяулым Рахымжанова зерделеп көрді.


Пияздың жоғары өнімділігіне қарамастан, оның ішкі нарықтағы құны өте жоғары. Жыл басынан бері пияз бағасы екі есе өсті, бұл соңғы төрт жылдағы ең жоғары өсім. Павлодарлықтар қазір бұл көкөністі 300-350 теңгеден сатып алып жатыр.

Әлеуметтік дүкеннен жауаптылар айтқан 160-170 теңгенің пиязын көрмедік. 285 теңгеден саудаланып жатыр. Кәсіпкерлердің сөзінше, олар өнімге тек 10 пайыз үстемақы қосады.

Лола Рыскидинова, сатушы:

Луктың бағасы оңтүстікте қымбат. Базарда қымбат. 260 теңге өзінің бағасы. 10 пайыз қосамыз. 286 теңге шығады. 285 теңгеден сатып тұрмыз. Бұрын 120-130 болды. Қазір ондай баға жоқ. Сол 260 біз алатын бағамыз. Біз көп қоса алмаймыз.

Нарықта пияз тапшылығы жоқ, тек құны өте жоғары. Жауапты мамандар бағаны тұрақтандыру шараларын жүргізіп жатқанын алға тартады. Қазір өнімнің 250 тонна қоры сақталған. Павлодарға пияз Жамбыл облысынан жеткізілетін болғандықтан оның бағасы да тауар өндірушілерге тәуелді.

Ернұр Жәутікбаев, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

Біздің ӘКК өкілі қазір Жамбылда. Қазір 100 тоннаға келісімшарт жасап жатыр. Ең басты өндіруші - Жамбыл облысы болып табылады. Пиязды елден шығаруға шектеу қойылды. 3 айға жалғасатын болады. Сондықтан қазір пияздың бағасы арзандауын күтіп отырмыз.

Тұрақтандыру қоры 223 әлеуметтік дүкенмен жұмыс істейді. Жақын арада сол сауда нүктелеріне арзан бағадағы пияз жеткізілмек.

Ернұр Жәутікбаев, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

Біздің фермерлік «Жайлау» орталығында да сатылады. Тұрақтандыру қорынан келісімшарт бойынша әлеуметтік дүкендерге де жеткізіледі. Иә, бағасы қалаға қарағанда 160-170 теңгені құрайтын болады.

Деректерге сүйенсек, облыс халқы жылына 3 мың тонна пияз тұтынады. Сондықтан мамандар, баға тұрақталып, өнім тапшылығы болмайды, алаңдауға еш негіз жоқ деп сендіріп отыр.


Аяулым Рахымжанова