Биыл Павлодар қаласындағы 22 шақырымнан асатын 9 көшеге жөндеу жасалады. Бұл үшін 2 млрдтан астам қаржы бөлінген. Қала тұрғындары тротуар жолдардың жағдайына жиі шағымданады. Сол себепті 300 млн теңгеге 10 аумақ жөнделеді. Қоғамдық көлік мәселесі де біртіндеп шешілмек. Облыс орталығының инфрақұрылымын жақсарту мәселесі аппарат жиынында талқыланды.


Биыл да тұрғындарды балалар және спорт алаңдарымен қамту жалғасады. 100 аумаққа жаңа балалар, воркаунт және спорт алаңдары орнатылады. Сондай-ақ 140 аула ішілік аумақты асфалттау жоспарланып отыр. Бұған 3,6 млрд теңгені жұмсалмақ.

Ержан Иманзайыпов, Павлодар қаласының әкімі:

Халық жиі баратын орындар назардан тыс қалмайды. Жаңартылған саябақтар, алаңдар тұрғындар үшін ыңғайлы әрі жайлы болу керек. Биылғы жылы 10 алаңда абаттандыру жасалады. Шағын архитектуралық формалар қойылады. Мысал ретінде Центральная көшесі, 2, 4, 6, 8 ауласындағы алаң экранда көрсетілген. Сонымен қатар, саябақтар мен алаңдарда қоғамдық дәретханалар болады. Қала бойынша 27 дәретхана жұмыс істейді. Оның ішінде 16 жазғы және 11 жыл бойы.

Жыл басынан қаладағы нөмірі 1 автобус паркі 40 жаңа қоғамдық көлікпен толықты. Сыйымдылығы 85 адамға шақталған автобустарды 5 ақпанға қарай желіге шығару жоспарлануда. Нәтижесінде қозғалыс аралығы 15 минутты құрайтын болады. Тасымалдаушыға наурыз айының соңына дейін облысқа сыйымдылығы жоғары тағы 80 автобус қою міндеті қойылған.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:

Жанағы әкелген автобустардың ертең көлігінде жүргізуші болмай, содан ол автобстарды қатарлап қоятын жағдай көрмейік. Сол үшін алдын ала жұмыс атқару керек. Негізгі жоспар қандай. Жүргізушілер бар? - Бар. Қалғандарына дайындау керек. - Дайындаймыз.

Облыс орталығындағы күрделі экологияға байланысты жасыл желекті отырғызу маңызды. Биыл 20 мың түп ағаш егілмек. Сондай-ақ жиын барысында нүктелі құрылыс проблемасы да сөз болды. Асайын Байханов жауаптыларға құрылысты бастамас бұрын алдымен қоғамдық тыңдау өткізуді міндеттеді. Ал биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы Павлодарда 200-ден астам жоба жүзеге аспақ.


Аяулым Рахымжанова