Күш пен жігер сынаққа түскен сайыс
Құтқарушыларға ең керек машық, кедергілерден өту, ауыр заттарды тасымалдау және түтін басқан бөлмеден адамды аман алып шығу. Бүгін Павлодарда дәл осы дағдылар сынаққа түскен сайыс өтті. Жарыс №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің базасында өтті. Оған қалалық және аудандық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелерінен 21 команда қатысты.
Жарыс басталар алдында қатысушылар салмағы шамамен 30 келі болатын арнайы жабдықталған киім киеді. Жауынгерлік киім. Арнайы аяқ киім, каска, қолғап, бетперде және баллон. Бүкіл сынақ барысында өрт сөндірушілер тыныс алу аппараттары арқылы ғана дем алады. Әр командада құрамында төрт адам. Олар кедергілер арқылы 10 кезеңнен өтуі тиіс.
Александр Сидоренко, Аққулы аудандық ТЖ бөлімінің №18 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы
Бұл жарысқа екінші рет қатысып отырмын. Алғашқы жолы сәл жеңілірек болған еді, бұл жолы тапсырмаларды күрделендірген. Негізінен, жарыс газ-түтіннен қорғау қызметінің дайындығын, ең алдымен, мамандардың төзімділігі мен күшін, сондай-ақ осындай күрделі жағдайларда газ-түтіннен қорғау қызметі мамандарының қалай әрекет ететінін тексеруге бағытталған.
Өрт сөндірушілерге ауа баллондарын тасымалдау, гір көтеру, баспалдақпен көтерілу және құбыр арқылы төмен түсу сияқты бірқатар күрделі міндеттері жүктелді. Соңғы сынақ арнайы жылу-түтін камерасында өтеді. Бұл – іші тұмшаланған, ештеңе көрінбейтіндей қараңғы лабиринт. Сиреналардың дауысы айқай-шуға ұласып, оған қираған сынған дыбыстар қосылып, жағдайды одан әрі күрделендіреді. Құтқарушылардың міндеті – шартты түрде зардап шеккен адамды тауып, сыртқа алып шығу.
Арман Өмірзақов, Тереңкөл аудандық ТЖ бөлімінің №8 өрт сөндіру бөлімшесінің командирі
Физикалық жүктеме өте жоғары. Күшімізді үнемдеп, әр кезеңнен сүрінбей өту керек. Қатысушыларға сынақтарды сәтті аяқтауларын тілеймін. Бастысы, денсаулықтары жақсы болсын. Осы кезеңдердің ішіндегі ең қиыны – лабиринт. Ішіінде жүру өте қиын, жолы да, кеңсітігі де тар.
Жарыс барысында тек физикалық дайындық қана тексерілмейді. Кедергілер жолағына шығар алдында газ-түтіннен қорғау қызметінің мамандары теориялық тест тапсырады. Қауіпті аймақта сенімді әрекет ету ғана емес, тыныс алу аппаратындағы ауа қорын және жұмыс істеу уақытын дұрыс есептеу де маңызды.
Ақылбек Баяхметов, ТЖД өрт сөндіруді ұйымдастыру және авариялық-құтқару жұмыстары басқармасының басшысы
Жарыс теориялық тест тапсырудан басталады. Қауіпсіздік бекетінде кезекшілік атқаратын қызметкер формулалар мен есептеулерді білу деңгейі бойынша сынақ тапсырады. Яғни газ-түтіннен қорғау қызметінің буыны тыныс алуға жарамсыз ортаға кірген кезде, физикалық жүктемеге байланысты баллондағы ауаның қанша уақытқа жететінін білуі керек. Олар есептеуді дұрыс жүргізіп, кері қай уақытта шығу керектігін нақты анықтай алуы қажет. Бұл білім мамандардың жадында үнемі сақталуы тиіс. Сондықтан біз тестілеу өткіземіз.
«Газ-түтіннен қорғау қызметінің үздік буыны» байқауы жыл сайын өткізіледі. Жарыс өрт сөндірушілердің түтін басқан ғимараттарда жұмыс істеу дағдыларын жетілдіруге, адамдарды құтқару әрекеттерін пысықтауға және жабдықтардың төтенше жағдайларда жұмыс істеуге дайындығын тексеруге мүмкіндік береді.