Басты сахнаның жабылу кеші өтті
Павлодарда Ертіс Promenade сахнасының концерттік маусымы қорытындыланды. Қаланың бас сахнасында өткен жабылу концертіне жиналған жұртшылық отандық және шетелдік өнерпаздардың әндерін тыңдады. Ән мен әуенге толы кеш жаз бойы жалғасқан мәдени шаралардың қорытындысы болды.
Биыл Ертіс Promenade алаңында 300-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, концерттерді миллионнан астам көрермен тамашалаған. Маусым бойы сахнада жергілікті өнерпаздармен қатар, Қазақстанға танымал әншілер мен шетелдік жұлдыздар өнер көрсетті. Қорытынды кеште концерттің шымылдығын жергілікті өнерпаздар ашты. Одан кейін сахнаға блогер әрі әнші DARICORN көтерілді. Ол өз өнерін ортаға салып, кештің көркін қыздыра түсті.
Кеш Әмре мен Рахман Сатидің өнерімен жалғасты. Әншілер көрерменге танымал туындыларын ұсынып, ашық аспан астындағы концерттің атмосферасын жандандыра түсті. Жұртшылық сүйікті әндерін бірге шырқады.
Ал Мирас Жүгінісовтың орындауындағы лирикалық әндер көрерменнің көңілінен шықты. Оның өнерін тамашалауға жиналған жұртшылық әр композицияны ықыласпен қабылдап, әншіге қолдау білдірді.
Кештің арнайы қонақтары LYRIQ пен JAY SEAN көрермендерге халықаралық музыка әлемінің әуендерін ұсынды. Шетелдік өнерпаздардың сахнаға шығуы концертке жаңа серпін берді. Танымал әндер мен ырғақты әуендер көрерменнің көңіл күйін көтеріп, кештің есте қаларлық сәттерін толықтырды.
Концерттің тағы бір арнайы қонағы – Максим. Әншінің көпшілікке таныс шығармалары көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Көпшілік әндерге қосылып, маусымның соңғы концертіндегі әсерлі сәттерді бірге бөлісті.
Ертіс Promenade биылғы маусымын жарқын концертпен аяқтады. Жаз бойы мыңдаған адам бас қосқан бұл алаң қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті мәдени орындарының біріне айналды. Маусым жабылғанымен, көрермендердің есте қаларлық әсері мен жағымды естеліктері әлі талайға дейін сақталары сөзсіз.
Сабина Жолдаспаева