Шаһар басшысы даулы үйдің тұрғындарымен кездесті
«Қала жаңалықтары» айдарында облыс орталығында болып жатқан оқиғаларды жеткіземіз. Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков тұрғындармен кездесті. Олар үйге қызмет көрсететін ПИК жұмысына наразы. Сонымен қатар, үйдің шатырын жөндеу мәселесі де дауға ұласып барады.
Хасар Хабылбеков, Павлодар қаласының әкімі
Тұрғындар жалпы жиналыс өткізіп, оның шешімін хаттамамен рәсімдеуі қажет. Дауыс берушілердің 51 пайызы және одан астамы қолдаған жағдайда, нысаналы қаражат жинауды ұйымдастыра отырып, шатыр мен жертөлені жөндеу туралы шешім қабылдауға болады. Қажетті құжаттар рәсімделгеннен кейін тұрғындар жетіспейтін қаражатты ПИК немесе басқа да қызмет көрсетуші ұйым арқылы жинай алады.
Мен тұрғын үй инспекциясының қызметкерлеріне тиісті хабарламалар дайындап, демалыс күні тұрғындармен жиналыс өткізуді тапсырамын. Мамандар жөндеу жұмыстарын жүргізу тәртібін түсіндіріп, құжаттарды рәсімдеуге көмектесуі тиіс.
Ал ПИК жұмысына қатысты шағым бойынша айтарым: егер пәтер иелері көрсетілетін қызметтің сапасына көңілі толмаса, заңнамада белгіленген тәртіпті сақтай отырып, қызмет көрсетуші ұйымды ауыстыруға құқылы.